Ақтөбе – Қандыағаш күрежолының құрылысы биыл аяқталады
Ақтөбе – Қандыағаш күрежолының құрылысы аяқталуға жақын, деп хабарлайды 24kz.
Жолдың ұзындығы – 96 шақырым. Бұл учаске реконструкциядан өтіп жатқан Ақтөбе – Атырау – Астрахань транспорттық дәлізінің бір бөлігі саналады.
Арыстанбек Кенже, тілші:
- Ақтөбеден Қандыағаш бағытындағы бұл жол көп жыл бойы жолаушыларды азапқа салатын. Шұрқ-тесік пен шоқалақтан қашқан жүргіншілер діттеген жеріне аман жеткеніне қуанатын. «Ал жоғалтқан уақытымыз бен қираған көлік өз алдына бөлек әңгіме», - дейді жол бойындағы ауыл тұрғындары. Олар жолдың жөнделуін көптен бері күткен. 2021 жылы басталған жоба аяқталуға жақын.
Блиц 1:
- Алғаның ауруханасында хирургия бөлімшесінде жұмыс істедім. Сол кезде Алға мен Қандығаш екі ортада қаншама жол-көлік оқиғасы болды. Қаншама қыршындар кетті. Қазір енді, Аллаға шүкір, жақсарып келе жатыр ғой барлығы да.
Блиц 2:
- Тамды ауылында тұрамын. Ақтөбеге қатынап жұмыс істеймін. Қазір жол жақсы, рахат. Жарты сағатта жетіп барамыз. Енді көптен күттік қой жолды. Қазақстанда осындай жолдар көбейе берсін.
Жолдың ұзындығы 96 шақырымға жетеді. Автомагистральдың 75,5 шақырымы төрт жолақты бірінші санатқа жатады. Ал қалған бөлігі қос жолақты күрежолға жалғасады. Құрылыс ең озық технологияға негізделген. Сондықтан қолданылатын инертті материалдар мен жол сапасы қатаң бақылауда. Құрылыс барысында 600-ден астам инспекциялық тексеру жасалды.
Болатбек Айтбаев, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК бас директоры:
- Оның ішінде 2700-ден астам сынамалар алынды. Инертті материалдарға осы мына қолданып жатқан. Соның ішінде 3,7%-і кезінде талаптарға сәйкес келмейтіндігі анықталған. Бірақ мердігер ұйымдар өз тарапынан ол материалдарда анықталған ақаулардың бәрі ретке келтірген болатын.
Бұл жолмен күніне 7 мыңнан астам көлік қатынайды. Әзірге екі жолағы ашылды. Бір айдан соң жоба толық мәреге жетеді. Қазір асфальт төсеу жұмысы аяқталып, жиектері ретке келтіріліп жатыр.
Сейдахмет Кушабаев, құрылыс компаниясының жоба жетекшісі:
- Қандыағашты айналып өтетін жол толық пайдалануға берілді. Ол бірінші санатты жол. Енді жол бойы абаттандырылып, белгілер мен жарық желісін тарту секілді жұмыстар қалды. Бірінші санатты жолдың пайдалану мерзімі 14-15 жылдай. Контракт бойынша оның 2 жылына біз кепілдік береміз
«Ақтөбе – Қандыағаш жолы Ақтөбе – Атырау – Астрахань автомагистралі жобасының бір бөлігі ғана. Оның батыс өңір үшін маңызы ерекше», - дейді мамандар. Қазір ұзындығы 884 шақырым күрежолдың 732 шақырымы қайта жаңғыртылды.
Нұртілек Хасенов, ҚР Көлік министрлігі автомобиль жолдары комитетінің басқарма басшысы:
- Ақтөбе – Атырау – Астрахань жолының еліміз үшін әсіресе, Атырау, Ақтөбе облыстарының экономикалық-әлеуметтік дамуына маңызы өте зор. Екі облыстың 9 ауданынын аумағынан өтеді. Бұл тұрғындар үшін, әсіресе, Ақтөбе облысының шалғайдағы Темір, Байғанин аудандарына үлкен жақсы жаңалық. Қуаныш деп есептейміз.
Ақтөбе облысында тағы бір ірі жол жобасы жүзеге асады. Ақтөбе – Хромтау – Қарабұтақ – Ұлғайсын күрежолы көп жылдан бері жөндеу көрмеген. Жобаның алғашқы кезеңінде 28 шақырым жол жаңғыртылады.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Наталья Салькова, Айнадин Молдабеков