Өрт сөндірушілер жеке ұшақпен қамтылады – ТЖМ

Елде өрт сөндірушілердің жеке ұшағы болады. Бұл туралы Төтенше жағдайлар вице-министрі мәлімдеді.

Кеген Тұрсынбаевтың айтуынша, арнайы техникалардың алғашқы легі жыл соңына дейін сатып алынады. Осылайша, оқыс оқиға орнына жедел жетіп, құтқару жұмыстарына шұғыл кірісуге жағдай жасалмақ. Төтенше жағдайлар министрлігінің тағы қандай жаңалықтары бар?

Серік Селеубайұлы, тілші:

- №4 өрт сөндіру бөлімінде 87 қызметкер бар. Оның 12-сі тәулік бойы кезекшілік атқарады. Жеке құрамның демалуы үшін мекеме аумағында 20 бөлмелік жатақхана мен 7 пәтер бар. Бөлімше 13 техникамен қамтылған. Министр тапсырмасымен барлық жабдықтар жаңартылып, ғимаратқа жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Қуаныш Тоқсарин, №4 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бастығы:

- Бізде сырлау жұмыстары жүргізілді. Фасадты сырлау, ішкі кабинеттерді сырлау өткізілді. Және осындай жаңа кабинеттер пайда болды. Біздің жеке құрамның жататын бөлмелеріне ремонт жасалды. Асханаларына ремонт жасалды.

Жақында жаңа үлгідегі бөлімше салынды. Ғимарат аумағы шағын болғанымен, барлық қажетті жабдықтармен қамтылған. Тіпті арнайы тапсырыспен жасалған техникалар да бар.

Серік Селеубайұлы, тілші:

- Өрт сөндірушілердің жаңа образы осындай. Бұл формалар бұрынғыға қарағанда жеңіл әрі төзімді. Ал мына көлік АБР деп аталады. Ішіне 500 литр су сыяды. Сонымен қатар мынадай ранецтер бар бұл көліктің ішінде. Салмағы 16 келі. Ішіне көбік толған кезде өрт сөндіретін 20 келіге дейін тартуы мүмкін. Сонымен қатар жиынтықта мынадай холматор деген құрылғы бар. Бұл апатты жағдайларда адамдарды құтқару үшін керек.

Министрлік еліміздің барлық құтқарушыларын осы үлгімен жабдықтауды көздеп отыр. Себебі, өңірлердегі техникалық және материалдық база ескірген. «Сондықтан арнайы жоспар жасалды», - дейді министрлік өкілі.

Кеген Тұрсынбаев, ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі:

- Осы жылдың аяғына дейін екі ұшақ келуі керек. Келесі жылы тағы да екеуі келуі керек. Осы жылы біз жеті тікұшақ алғалы жатырмыз. Біздің осы бүкіл 20 аймағымызға. Министрдің тапсырмасы бар. Әрбір облысқа екі-екі түкұшақтан, бір-бір ұшақтан қою. Самолеттен. Өйткені біздің енді кең байтақ еліміз үлкен. Әрбір ауданның, ауылдардың арасы алыс. Машинамен жетуге көп уақыт керек.

Сонымен қатар Төтенше жағдайлар министрлігі жаңа технологияларды да белсенді енгізіп жатыр. Көктемгі су тасқыны кезінде құрылған командалық орталық мамандары елдегі ахуалды 24 сағат бойы үздіксіз бақылауға мүмкіндік береді. Онда барлық мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері шоғырланып, деректер талданады.

Тілеуберді Мадиев, ҚР ТЖМ Командалық орталығы бастығының орынбасары:

- Командалық орталыққа өздеріңіз көріп отырғандай, бүкіл қазіргі уақыттағы интернет ресурстардың көмегімен бағдарламалар енгізілген. Яғни, бұл өртті алдын алу бағдарламасы. Яғни, еліміздің орманды алқаптарындағы өртті алдын алу бағдарламасы осы командалық орталыққа тікелей шығарылған. Шоғырландырылған. Сол арқылы біз өрттің болуын болжай аламыз. Яғни, белгілі бір жерде түтін немесе өрт қаупі төнетін болса, бұны командалық орталықтан тікелей бақылап, сол өрт орнына тиісті жердегі өрт сөндіру бөлімдерін жібере аламыз.

Қазір министрлік апат туралы алдын ала ескерту жүйесін жасақтап жатыр. Ол үшін алдымен тарихи деректер зерделеніп, цифрлық форматқа көшірілуі керек. Бұл жұмыстар аяқталған соң арнайы бағдарлама жасалады.

Авторлары: Серік Селеубайұлы, Абдулхамит Бөлекбаев