Алматыда Toyota академиясы және дистрибуция орталығы ашылды
Алматыда Toyota Kazakhstan-ның аймақтық қосалқы бөлшектерді тарататын дистрибуция орталығы және мамандар дайындайтын Toyota академиясы ашылды, деп хабарлайды 24kz.
Осы нысандарды ресми пайдалануға беру үшін компанияның топ-менеджерлері және Жапонияның Қазақстандағы елшісі қатысты.
Аршын Кемелжан, тілші:
- Алматыда ашылған қосалқы бөлшектер мен автомобиль аксессуарын тарататын орталық – логистиканың жаңа белесі. Toyota өз тұтынушыларына қызмет көрсету сапасын арттырады. Дистрибуция орталығы заманауи технологиямен жабдықталған. Мұнда автоматты ақпараттық жүйе, Order pickers және бөлшектерді сақтауға арналған аймағы да бар. Қойма жұмысы жыл соңына дейін 30% артады.
Йошихиро Наката, Toyota Motor Europe бас директоры және президенті:
- Toyota компаниясы Орталық Азия елдері, Қырғызстан және Қазақстандағы авто нарықты дамытуға бар күшін салады. Бүгінгі іс-шара соның дәлелі. Біз қойма жұмысын дамытуға қатысты инфрақұрылымды қаржыландырдық. Қызметкерлерді және дилерлік желі мамандарының білімін арттырып отырамыз.
Ал, Toyota академиясының жаңа орталығында көліктерге техникалық қызмет көрсететін мамандар біліктілігін шыңдай алады. Мұнда тек еліміздегі мамандар ғана емес Орталық Азия мемлекеттерінің шеберлері де келіп оқиды.
Джон Томсон, «Тойота Мотор Қазақстан» ЖШС президенті:
- Toyota академиясында біз Toyota мен Lexus көліктеріне техникалық қызмет көрсету бойынша осы елдегі және көршілес мемлекеттердегі мамандардың тәжірибесін арттырамыз. Академияның мақсаты – Toyota-ның толық білім бағдарламасын ұсынып, орталыққа айналдыру. Соның арқасында қызметкерлер білікті бола түседі.
Toyota компаниясы қолға алған кез келген жобада адамға және қоршаған ортаға деген құрметі ерекше. Жаңа нысанның артықшылығы да осы, экологиялық таза технология мен инклюзивті жұмыс орны қарастырылған.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Әбен Нарымбаев