Ақтаулық өрт сөндіруші 100-ден астам адамның өмірін құтқарған
Өрт сөндіруші Жәнібек Бекжановтың есімі ақтаулықтарға жақсы таныс. Ол жүзден астам адамды өрттен құтқарып қалды, деп хабарлайды 24kz.
Қауіпті әрі жауапты қызметін атқару кезінде үй жануарларын да тілсіз жаудан сақтап қалған. Азаматтық қорғаныс саласы қызметкерінің жұмысына адалдығы мен ерлігі әріптестеріне, оның ізін басқан жас буынға үлгі.
Талғат Исламұлы, тілші:
- 7-ші қабаттағы пәтер өртенгенде көк түтінмен арпалыса жүріп тұрғындарды құтқарған сәті Жәнібектің каскасындағы бейнекамераға жазылып қалды. Сол кезде үйдің дәлізі көзге түрткісіз қараңғы еді. Әрі жұрт шығарып тастаған тұрмыстық заттар жолына бөгет болды. Соған қарамастан құтқарушы жедел қимылдап, балалар мен ересектерді қауіпсіз аймаққа шығарып үлгерді. Көзсіз ерліктің үлгісін көрсеткен құтқарушы бүгінде №13 өрт сөндіру бөлімін басқарады.
Жәнібек Бекжанов, №13 өрт сөндіру бөлімінің бастығы:
- 4-ші шағын ауданда өрт болды. Жоғары этажда, жалпы үйдің өзі 11 этаждан тұрады. 7-ші этажында пәтер жанды балконымен. Өртке барғанда біздің қызметіміз бірінші адамды құтқару болып табылады. Сол бағытта жұмыс жасадық. Құтқарушы қызметін таңдағаннан кейін адамды құтқарып, оны жариялап, бізге ол мақтаныш емес. Ол біздің жұмысымыз.
33 жастағы өрт сөндірушінің ұжымында 45 адам төрт ауысымда жұмыс істейді. Жедел шақырту болмаған күндері олар оқу сыныбында кәсіби біліктілігін арттырады. Қызметтік ғимарат алаңында жаттығу өткізіп, арнайы техниканың іске жарақтылығын мұқият тексереді. «Өрт сөндіру кезінде төтенше жағдай қызметкерлердің бірлесе әрекет етуі күн сайын жүргізілетін дайындықтың нәтижесі», - дейді құтқарушыла.
Жанайдар Бақтыбаев, №13 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы:
- Жұмыстың барысын, адамдарды оттан, судан құтқару ол қалай жүзеге асады соның барлығын бізге үйретті. Біз ол кісінің жолымен жүріп келеміз. Ешқандай награда, не болмаса бір марапат үшін емес. Тек қана халықтың разылығы үшін жұмыс жасаймыз. Біз үшін ең бастысы – ол адамның өмірі. Оттан құтқару, қандай да болмасын жағдайдан адамдарды аман-есен алып шығу.
Жәнібек Бекжанов өрт сөндіруші болуды оқушы кезінен армандапты. Мектепті бітірген соң Көкшетау техникалық институтына құжат тапсырғанын есіне алды. Бүгінде оның ізін ұлы мен қызы жалғап, осы салада қызметте жүр. Айта кетсек, Ақтау қаласында 13 өрт сөндіру бөлімі бар. Тәулігіне 110 адам кезекшілік атқарады.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев