Алматыда Орталық Азияның энергетикалық үйлестіру кеңесінің отырысы өтті

Орталық Азиядағы энергетикалық жүйелер жылыту маусымына дайын. Бұл жөнінде Алматыда өткен аймақтық энергетикалық үйлестіру кеңесінің 42-ші отырысында айтылды, деп хабарлайды 24kz.

Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Ресейдің энергетикалық ұйым басшылары Орталық Азия Біріккен энергожүйесінің жұмысын қорытындылап, саладағы жоспарларды талқылады.

Іс-шарада қуат жүйелерінің тұрақтылығы, қуат көздерінің мүмкіндіктері мен су ресурстарын  дұрыс пайдалану мәселесі сөз болды. Электр энергиясымен жабдықтаудың тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар жоспары талқыланды. Тараптар Орталық Азия мен Ресей энергожүйелерінің қатар жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі ұсыныстарды қарады.

Хамидулла Шамсиев, «Энергия» үйлестіру диспетчерлік орталығының директоры:

- Біз суару маумысын ойдағыдай аяқтадық. Су шаруашылығында ешқандай күрделі мәселе туындамады. Гидростанциялар қалыпты режимде жұмыс істеді. Электр қуатымен қамтамасыз етуде тұрақтылық бар. Жоспар орындалды. Энергия тасымалдаушы нысандардағы жөндеу жұмыстары бітті. Жылыту кезеңі талапқа сай өтеді деп ойлаймын.

Сонымен қатар үйлестіру комиссиясы Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің энергожүйелері арасындағы ақпарат алмасуды кеңейту мәселесін қарады.

Алтынбек Рысбеков, Қырғызстан Ұлттық электр жүйесінің бас директоры:

- Біз тығыз қарым-қатынаста, бірлесіп жұмыс істеуіміз керек. Көрші елдердің арасында бір-біріне деген энергетикалық тәуелділік пен энергия алмасу қажеттілігі болады. Байланысты нығайту арқылы ортақ проблемаларды шеше аламыз.

KEGOC Жүйелік операторы вегетациялық кезеңдегі отандық энергия жүйесінің жұмыс нәтижелерін қорытындылады. Сондай ақ  еліміздің оңтүстігіндегі электр жүйесін күшейту үшін  бірнеше инвестициялық жобаны  іске қосты.  Келесі жылы Орталық Азия үйлестіру кеңесіне 20 жыл толады. Кезекті басқосу маусым айында Астанада өтеді.

Авторлары: А.Садуақас, С.Жұмабаев