Биыл СҚО-ға «Еңбек» бағдарламасымен 3000 адам көшіп барады

Солтүстік Қазақстан облысы Явленка ауылында «Еңбек» бағдарламасы бойынша салынған үйлер орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылды, деп хабарлайды 24kz.

Бұл мақсатқа аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, оңтүстік өңірлерден көшіп келген тұрғындардың өтініш-тілегі орындалды. Енді олар қыс бойы отын-көмір жақпайды.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Индира Қадырбаева 2020 жылы баласының денсаулығына байланысты Алматыдан солтүстікке көш түзеді. Оған Явленка ауылынан жаңадан салынған үйлердің бірі бұйырды. Ал биыл орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылып, қуанышы қойнына сыймай отыр.

Индира Қадырбаева, Явленка ауылының тұрғыны:

- Былтыр Президенттің шешімі бойынша біз өзімізге әкім сайладық. Аудан әкімін сайладық. Мұхамедияров Мереке Тілеужанұлын. Сол әкім сайланғаннан бізге істеген жұмысы біздің үйлерге жылу тартып берді. Өте қуаныштымыз. Жылу мәселесі бізде өте қиын жағдай еді. Себебі отын жағу, көмір тасудан құтылдық.

Солтүстікке «Еңбек» бағдарламасы бойынша көшіп келген тұрғындар жұмыспен де қамтылды. Мысалы, Таңсұлу Құдабаева аудандық емханада мейірбике болып жұмыс істейді. Ол отбасымен бірге Түркістан облысынан көшіп келген.

Таңсұлу Құдабаева, Есіл аудандық емханасының мейірбикесі:

- Мұнда келгелі жаман болып жатқан жоқпыз. Үлкен қызым қазір СКГУ-дың бірінші курс студенті. Қазақ тілі мен әдебиетінен педогог болып шығады. Екінші қызым Корнеевкада гимназияда оқып жатыр. Германияға, Австрияға барып келді оқу үздігі болып.

Биыл Есіл ауданынына оңтүстің өңірлерден 31 отбасы көшіп келді. Оларға мемлекет тарапынан көтермеақы төленіп, үй алуға демеуқаржы бөлінді. Тіпті кәсіп ашуға қайтарымсыз грант берілді.

Қасым Сейітбенбетов, Есіл аудандық мансап орталығының директоры:

- Өз жеке ісін бастаймын дегендерге қайтарымсыз гранттар беріліп, мал шаруашылығымен айналысып жатқандар бар. Қымыз, сүт өнімдерін, малмен айналысып өз ісін іске асырып жатқан кісілер бар. Биылдың есебінен 26 грант таратылды. Оның 16ы осы біздің көші қон қоныс аударушылар мен қандастарға берілді.

Биыл Солтүстік Қазақстан облысына «Еңбек» бағдарламасы бойынша 3 мыңға жуық адам көшіп келеді деп жоспарланып отыр.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков