Түркістанда Рақымжан Қошқарбаевтың 100 жылдығына арналған іс-шара өтті
Түркістанда Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың 100 жылдығына арналған мерекелік шара өтті, деп хабарлайды 24kz.
Оған өңірдегі ардагерлер ұйымдары, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент қызметкерлері мен әскери бөлімдердің сарбаздары және «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубтарының тәрбиеленушілері қатысты. Рақымжан Қошқарбаев Берлиндегі Рейхстагқа алғашқы жеңіс туын тіккен қазақ. Ол тарихи ерлігін небәрі 21 жасында жасаған.
Мерекелік шарада Рақымжан Қошқарбаевтың өмірі мен ерлік жолын көрсететін көрме ұйымдастырылды. «Жас сарбаз» клубтарының тәрбиеленушілері Қошқарбаев пен Булатовтың Рейхстагқа ту тіккен сәтінен әсерлі қойылым көрсетті. Облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев бұл шара батырдың ерлігі мен отаншылдық рухын және халқымыз үшін сіңірген еңбегін еске алу, әрі жастарға үлгі екенін атап өтті.
Ертай Алтаев, облыс әкімінің орынбасары:
- Рейхстагқа ту тігу тапсырмасы көп халықтар арасында ең батыры деп, ең өжеті деп, ең жігерлісі деп біздің қазақ ұлтының өкілі Рақымжан Қошқарбаев атамызға тапсырғаны біздің еліміз үшін, қазақ ұлты үшін үлкен бір мақтаныш.
Шара аясында «Amanat» партиясының өңірлік филиалы, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті облыстағы әртүрлі деңгейдегі ардагерлерді «Үйлестіру кеңесі» қоғамдық бірлестігі және облыс әкімдігі тарапынан меморандумға қол қою рәсімі өтті.
Тұрғанбек Бегімов, «Түркістан облыстық әртүрлі деңгейдегі ардагерлерді үйлестіру кеңесі» ҚБ төрағасы:
- Тиімділігі әкімшілік тарапынан да, «Amanat»партиясынан да, әскери комиссарияттан да оларға да тиімді болып тұр. Бізге де тиімді болып тұр. Өйткені әр ардагерлік ұйым өздері іс-шара өткізбей, ортақ жүйеде мәнді етіп, нәтижелі етіп сондай іс-шаралар өткізсек дейміз.
Меморандумның мақсаты – әртүрлі деңгейдегі ардагерлердің бірлігін нығайтып, «ардагер» деген құрметті есімнің мәртебесін көтеру. Жалпы облыста әртүрлі деңгейдегі ардагерлер ұйымының 7 мыңға жуық мүшесі бар.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш