Балалардың өміріне араша түскен құтқарушы

Ол дәмханада жарылыстың алдын алып, отқа оранған ғимараттан 4 жасар баланы аман алып шықты.

Жас та болса, бас болып жүрген бұл өрт сөндірушінің есімі Айдын Бимұханов.

Астананың қақ ортасында, тапа-тал түсте көп бақатты үй отқа оранды. Өрт ғимараттың қасбетін шарпыса да, қою түтін пәтер ішіне еніп тұрғындардың қолқасын қаба бастады. Оқиға орнына дереу жеткен өрт сөндірушілердің бірі кран арқылы жоғарғы қабаттарға көтеріліп, су аралас көбік сепсе, енді бірі респираторлық қорғаныс киімін киіп адамдарды қауіпсіз жерге шығарып жатты. Кейіпкеріміз Айдын Бимұханов та соңғы аталған топ құрамында болды.

Айдын Бимұханов, № 5 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы:

- 23 қабаттан 3 адамды құтқардым. Оның ішінде балалардың анасы. 4 жастағы бала және шамамен 7-8 жас аралығындағы қыз бала. Ол кісілерді 23-тен 1-қабатқа дейін түсірдім.

Абырой болғанда, жоғарыда аталған өрт кезінде барлық адам дін аман құтқарылды. Бұл Айдын Бимұхановтың 2 жылдық қызметі кезінде болған ең күрделі оқыс оқиғалардың бірі. Бұдан бұрын жалын шарпыған дәмхана ішінен 2 газ баллонды алып шыққаны тағы бар.

Айдын Бимұханов, № 5 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы:

- Екі баллонды көрген кезде сумен суытып алдым. Сосын далаға шығардым. Өз салам. 2022 жылдан бері осында жұмыс істеймін. 2016 – 2020 жылға дейін Беларусь Республикасының Минск қаласында оқыдым.

Өкініштісі, кейде оқыс оқиға арты қайғылы жағдайға ұласып жататыны жасырын емес. Осыдан 2 жыл бұрын Бауыржан Момышұлы даңғылындағы 15 қабатты үй өртенген еді. Ерлігімен және жанкештілігімен есте қалған Асқар Забикуллин сол күні қызыл жалыннан 3 адамды құтқарған еді. Өкінішке қарай, алған жарақатынан өзі жан тәсілім етті. Батырдың құрметіне ескерткіш қойылды. Астанадағы №6 өрт сөндіру бөліміне және бірқатар көшеге есімі берілді.

Ерлан Төрегелдиев, ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары:

- Өрт сөндіру қызметінде тәуекел көп. Кезекшілік кезінде әр шақыруға барған сайын өмірің мен денсаулығыңа қауіп төнеді. Ашығын айтқанда, бұл салаға ешкім ақша қуалап келмейді. Отаны мен халқына қызмет ету үшін келеді.

Иә, халықтың ризашылығы мен ықыласынан артық сый жоқ. Айта кеткен жөн, биыл жарты жыл ішінде қазақстандық құтқарушылар мен өрт сөндірушілер 40 мыңнан астам шұғыл шақыруға барды. Қайғылы оқиғалардың соңы жақсы аяқталған жағдайлардың көптігі көңіл көншітеді, дейді мамандар.

Мирлан Алтынбек, Абдулхамит Бөлекбаев