Павлодарлық құтқарушылар техникалық арсеналын көрсетті

Павлодарлық құтқарушылар өртке қарсы мүмкіндіктерін көрсетті.

Төтенше жағдайлар қызметі медициналық және өрт барлау техникасымен толықты. Сонымен қатар биыл мамандарға жеке тікұшақ пен ұшу аппараттары берілді. Жақында олар Қарағанды облысындағы дала өртін сөндіруге атсалысты.

2024 жыл павлодарлық құтқарушылар үшін оңайға соқпады. Жақында Қарағанды облысымен шекаралас Желтау ауылы отқа орана жаздады. Мамандар қауіптің ортасында қалған тұрғындарды тікұшақпен эвакуациялады. Сонымен қатар Павлодарда жерастында тұтанған газ сыйымдылығы сөндірілді. 

Рүстембек Әмрин, облыстық ТЖД бастығы:

- Қауіп-қатер зор болды. Оған бүкіл гарнизон жұмылдырылды. Штаб құрылды. Құтқарушылардың арқасында өрт дер кезінде сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ. 

Құтқарушыларға осындай төтенше жағдайда жедел әрекет ету үшін жаңа техникалар көмекке келеді. Қазір олар заманауи құрылғылармен жабдықталған. Солардың бірі мына ұшу аппараты. 

- Особенность данного дрона заключается в его 4К камере, вот она расположена, и также тепловизионным зрением. Предназначен он для поисково-спасательных работ и для поиска очагов пожара на месте ЧС… 

Құтқару қызметі өмір қауіпсіздігін қамтамасыз ететін отандық жүйемен жұмыс істейді. Ол бұрынғысымен салыстырғанда жеңіл. Небәрі 1 келі тартады. Сонымен қатар мамандар өкпені жасанды жолмен желдететін құрылғыларға қол жеткізді. Оны медициналық апаттар орталығының фельдшері Алексей Степанов сынап көрді.

Алексей Степанов, облыстық медициналық апаттар орталығының фельдшері:

- Өткенде өрттен тұншыққан адамды осы оттегі аппаратымен құтқарып қалдық. Ауа жетпеген соң кигізіп едік, дәрігерлер көлігіне өз аяғымен жетті. Әрі қарай ауруханаға әкетті.

Павлодарлық құтқарушылар биыл екі мыңнан аса шақыртуға шықты. Олар түрлі төтенше жағдайдан 163 адамды құтқарып, тағы 250-ін қауіпті аумақтан шығарды.

Айдарбек Айтмұхмбетұлы, Ербол Әбішов, Марат Игіліков