Шымкентте өрт сөндірушілердің балалары әке жолымен жүргісі келеді

Төтенше жағдай кезінде жедел шешім қабылдай білу қажет.

Ал осындайда бір әулеттен шыққан құтқарушылар бірін-бірі тез ұғып, ұтқыр шешім қабылдай біледі. Оған өзара тәжірибе алмасудың септігі де мол. Шымкенттік өрт сөндіруші Спабековтардан тараған ұл-қыздардың алды жедел желіге жауапты маман атанды.

Берік Спабеков азаматтық қорғау саласында 24 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Еңбек жолын қатардағы өрт сөндірушіден бастап, мамандандырылған жасақтың бөлімше командирі лауазымына дейін көтерілді. Қазір қарамағындағы 22 қызметкердің өртке қарсы әрекеттерін пысықтап, шеберлігін шыңдауға атсалысады. 

Берік Спабеков, қалалық ТЖД №1 мамандандырылған жасақтың бөлімше командирі:

- Бала кезімде ауылда медпункт жанған. Сол кезде өрт сөндірушілерді көріп, қызығушылық пайда болды. Менің інілерім мен қызымның әрбір жетістіктері мен үшін үлкен мәртебе. Себебі жұмысқа маған еліктеп, сол кісілердің барлығы жұмысқа орналасып, осы мамандықты таңдаған.

Берік Спабековтың ізін басқан қос інісі Мейрамбек пен Нұрлыбек те бүгінде өрт сөндіру саласында қатар қызмет атқарып жүр. Шақырту деңгейіне байланысты ірі өрт ошақтарын бірге оқшаулаған кездер де болып тұрады. Осындайда бір әулеттен шыққан құтқарушылар бірін-бірі жылдам ұғып, ұтқыр шешім қабылдай біледі. Оған өзара тәжірибе алмасудың септігі мол. 

Мейрамбек Спабеков, қалалық ТЖД №1 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі:

- Автокөлікке отырғаннан бастап барлау жасаймыз. Не жанып жатыр, қалай болып жатыр, ішінде адам бар, жоқ екендігіне. Біздің жұмысымыз жарылғыш заттарды залалсыздандыру, құнды заттарды сақтау, бірінші кезекте адам өмірін аман алып қалуымыз керек. Ағайынды бауырлар осы салада жұмыс істейміз ғой бәріміз. Бір-бірімізге ақыл-кеңес беріп, жол көрсетіп, бір-бірімізге білмегінімізді үйретіп тұрамыз. 

Ағайынды өрт сөндірушілердің адал еңбегі ескерусіз қалмады. Мейрамбек пен Берік Спабековтар жалын өрт, қою түтін арасынан адам өмірін аман алып шыққаны үшін арнайы марапатталды. Ел Президенті ерліктің жарқын үлгісін көрсеткен құтқарушыларды көпке үлгі етті.

Нұрлыбек Спабеков қалалық ТЖД №3 бөлімнің аға өрт сөндірушісі:

- Ағаларым «Ерлігі үшін» медальдер алған Президенттің қолынан 2 ағам. Бір жағынан соған еліктедік. Үй ішінде де өзіміз жиналған кезде өрт сөндіру бөлімін әңгіме қыламыз. Әке-шешеміз де әрқашан тілеуімізді тілеп отырады. Бір үйден үшеуміз істегеннен кейін. Қарауылдан кезектен тыс кезінде де біреуді көріп қалсақ көмектескіміз келіп тұрады әрқашан. Күнделікті әдетіміз өмірдегі қағидаға айналып кетті.

Спабековтардың ұл-қыздары да осы салаға қызығушылық танатты. Әулеттің үлкен немересі «радио-телефоншы» мамандығын бітіріп, департаменттің деспетчерлік бөліміне жұмысқа орналасты. Осылайша қарапайым еңбек адамдарының ұрпақтар сабақтастығы өрбіп келеді.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов