БҚО-да тұңғыштар мекеніне жол салынып жатыр
Республика күні қарсаңында Батыс Қазақстан облысының ең шалғайда орналасқан Бөкей Ордасы ауданында сот ғимараты ашылды.
Облыстық бюджет қаржысына салынған нысанның ашылуына өңір басшысы Нариман Төреғалиев қатысты. Сондай-ақ осы күні жергілікті жұртшылықпен кездескен облыс әкімі жыл басынан бері атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берді.
Бөкей Ордасы аудандық соты енді жаңа да еңселі ғимаратта жұмысын жалғастырады. Жалпы аумағы 720 шаршы метр болатын нысанда заңның үстемдік құруына, сот процестеріне бейнебайланыс арқылы қосылуға барлық жағдай жасалған.
Тұрсын Оразова, облыстық сот төрағасының міндетін атқарушы:
- Сот жүйесі атынан осы ғимаратты бізге салып берген тұлғаларға үлкен алғыс айтамыз. Осы ғимараттың ішінде 00-52 шығарылған шешімдердің әділ де заңды болады деген үлкен сенімдеміз.
Салтанатты шарада сөз алған өңір басшысы Нариман Төреғалиев сот жүйесінің материалдық-техникалық базасын нығайту Мемлекет басшысының тапсырмасы екенін атап өтті. Ал ауданда атқарылған өзге де ауқымды жұмыстар облыс әкімінің тұрғындармен есептік кездесуінде баяндалды. Ең бастысы - биыл аудан орталығына жол салынып бітті. Қазір тұңғыштар мекені саналатын Хан Ордасы ауылына жол құрылысы жүріп жатыр. Сонда тарихы тұнған өңірге туристер еш кедергісіз жетпек.
Нариман Төреғалиев, БҚО әкімі:
- Былтыр 21км Хан Ордасына жол жасаймыз деп уәде бергенбіз. Биыл су тасқыны кішкене қиындық туғызды. Қаражат кеш шешілді. Соған қарамастан біз бастап кеттік. Жолды аяқтаңдар деп тапсырма беріп жатырмыз. Сонымен қатар кесенеге дейін бір жарым шақырым жолды жасап тастау керек деп ақылдасып отырмыз. Былтыр біз 562 км жол жасасақ, биыл 642 км жолға 100 млрд теңге қаржы бөлінді.
Тұрғындармен кездесуде мал өнімдерін өңдеу, кәсіпкерлікті дамыту мәселелері де талқыланды.
Е. Жылқайдарұлы, Е. Меңдіғалиев, Э. Аюпов