Қазақстанның полиция қатарында 16 мыңға жуық қыз-келіншек жұмыс істейді
Қазақстанның ішкі істер құрылымдарында 16 мыңдай қыз-келіншек табысты қызмет атқарып жүр.
Оның 800-ден астамы басшылық лауазымда. Қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуде аянбай еңбек етіп жүрген ханымдардың бірімен арнамыздың түсірілім тобы танысып қайтқан еді.
Бұл тәртіп сақшыларының басшыны қарсы алудағы қалыптасқан дәстүрі. Есіл аудандық полиция басқармасының кезекті жиыны бас шаһардағы қоғамдық тәртіпті пысықтауға арналған. Оны әдеттегідей аудандық басқарма бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Сандуғаш Серғазықызы жүргізеді.
- Айтамыз, айтылады, қазақша да айтылады, орысша да айтылады, все равно істемейсіздер соны. Жеткізбейсіздер жеке құрамға.
Сандуғаш Серғазықызының темірдей тәртіпті талап етуінің жөні бар. Әсіресе қоғам қауіпсіздігіне жауапты органда онсыз іс өнбейтіні белгілі.
Абай Кенжеғарин, Есіл аудандық полиция басқармасының жедел кезекшісі:
- Есіл аудандық басқармасында 400-ге жуық адамдай жұмыс істейді. Сол 400 адамды былай қарағанда қатты ұстайды да. Шындықпен бәріне бірдей қарайды да. Жұмыс уақытында сыйластықпен қарайды ол кісіге. Тыңдайды. Өз жұмысын жақсы меңгереді ол. Басқара алады. И тәртіпті, бағындыра алатын кісі.
Дегенмен, Сандуғаш Серғазықызы әйелге тән нәзіктік қасиетінен де ада емес. Кабинетінде жайқалып өсіп тұрған гүлдер осының айғағы. Сұлулыққа жаны құмар полиция басшысы «мансап жолындағы табысқа табанды еңбегім мен жауапкершілігімнің арқасында жеттім» деп санайды.
Сандуғаш Уәлиева, Есіл аудандық полиция басқармасы бастығының орынбасары:
- Осы ішкі істер органдарына мен жүрек қалауымен келгем. Ішкі сезімім, бойымдағы қасиеттер, осы салаға мені алып келді. Оған еш өкінбеймін. Керісінше мақтанамын. Әрқайсысы бойына біткен қасиетімен ерекшеленеді. Ал полиция қатарында жүрген әйел адамдар мен ер адамдардың айырмашылығы меніңше көп емес. Себебі қызмет бойынша барлық талаптар бізге ортақ болып келеді.
Бес жылдай полиция басқармасының кадр бөлімін басқарып келген Сандуғаш ханым, басқарма бастығының орынбасары қызметіне былтыр тағайындалған. Ісіне адалдығын әріптестері ғана емес, жақындары да бағалайды.
Сандуғаш Уәлиева, Есіл аудандық полиция басқармасы бастығының орынбасары:
- Жұмыста қандай да бір қиындықтар, жұмыстың көптігіне қарамастан кәсіби өмір мен жеке өмірді теңестіре білу маңызды. Бұл ретте ата-анама, бауырларыма барынша көңіл бөлуге тырысамын. Ол кісілер менің жұмысымды түсінеді. Біледі, қолдайды. Полиция қызметінің басты мақсаты адамдардың құқығын қорғау, қоғамдық қауіпсіздікті сақтау екенін өзім ед білемін, менің туысқаныдарым да біледі.
Еліміздегі ішкі істер органдарында ұзын саны 16 мыңдай қыз-келіншек қызмет етеді. Оның 805-і Сандуғаш ханым сияқты білдей құрылымдарды басқарып жүр. Ел тыныштығы мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтуда нәзік жандылардың ролі орасан зор екенін осыдан бағамдауға болады.
Бақыт Топтаева, Асхат Қарақойшиев