ШҚО-да өрттен екі баланы алып шыққан құтқарушы ел алғысына бөленді
Шығыс Қазақстан облысында өртенген үйден екі баланы алып шыққан өрт сөндіруші елдің алғысына бөленді, деп хабарлайды 24KZ. Шемонаиха қаласындағы өрт сөндіру бөлімінің құтқарушысы Елжас Айдарханов қызметіне адалдық танытып, көпке үлгі болды.
Жетонға жазылған бейнежазбадан Елжас Айдархановтың сол күнгі ерлігін көруге болады. Ол көз аштырмайтын қалың түтін мен жалын тіліне қарамастан өртенген үйге қойып кетті. Өз басын қатерге тігіп, балаларды аман алып шықты. Еңбек жолын қарапайым жүргізушіден бастаған ол академиялық әзірліктен өтіп, жедел-тактикалық әдістерді меңгерді.
Елжас Айдарханов, Шемонаиха қалалық өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы:
- Әр өрттен кейінгі сезімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Өйткені өртте құтқарылған адамдардың, мүлкін сақтап қалған адамдардың алғысын алған кездегі сезімді жеткізу мүмкін емес. Соған тұрарлықтай жұмыс.
Бүгінде тәжірибесі толысқан құтқарушы өз білгенін әріптестерімен бөлісіп, шеберлігін шыңдауға үлес қосып жүр.
Кәсіби мереке қарсаңында Шығыс Қазақстан облысының өрт сөндірушілері салалық министрліктің марапатына ие болды. Ардагер маман Иван Худяковқа алғысхат табысталып, құрмет көрсетілді.
Иван Худяков, сала ардагері:
- Әрине, әрдайым еске алып, құрмет көрсетіп жатса, қуанышпен қабылдаймыз. Бірақ бөлімше басшылары өз қарамағындағы қызметкерлерді де ұмыт қалдырмауы керек деп ойлаймын.
Азаматтық қорғау саласындағы ардагерлердің еңбек жолы жас мамандарға үлгі ретінде айтылды. Қызметке енді келген жастар ант қабылдап, міндетін мінсіз атқаруға уәде берді. Аға буын өкілдері сержанттар мен лейтенанттарға сәттілік тіледі.
Авторлары: Нұрсұлтан, Мұхамеджан, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин.