Атырау облысындағы су торабын жөндеу жұмысы биыл аяқсыз қалды
Атырау облысында «Ералы» су торабын жөндеу жұмысы биыл аяқсыз қалды, деп хабарлайды 24KZ. Көктемде Ойыл өзені нысанның қорғаныш бөгеттерін бұзып, шлюзді істен шығарған. Бірақ оны қалпына келтіретін мердігер әлі іске кіріспеген. Тасыған өзен арнасынан тағы асса, жақын маңдағы ауылдарға қауіп төнуі мүмкін.
Көктемде арнасынан асқан Ойыл өзені Миялы ауылынан бастап 7 ауылдық округке қауіп төндірген. «Ералы» су торабы нөпір суды игере алмай, ондаған шақырым автожол мен 4 көпір бұзылған. Сол кезде су торабы арқылы 620 млн текше метр су өтті. Нысанның 15 шақырымдық қорғаныш бөгеті шайылып, шлюз істен шықты. Ал оны жөндейтін мердігер тасқын зардабын жоюға асығар емес, – дейді аудандағы өндірістік учаскенің басшысы Сайлаубек Темірғалиев.
Сайлаубек Темірғалиев, «Қазсушар» РМК Қызылқоға өндірістік учаскесінің басшысы:
- Негізі бұл жұмыстарға тендер жарияланып, 2023 жылы қазан айында жұмыс басталды. Бірақ қазір тұрып қалып отыр. Мердігер компания «Тұрлан-құрылыс» Түркістан облысынан ұтып алған. Олар биылдыққа материалдарын әкелді де, жұмыстарын бастамай отыр.
Былтырғы тендердің шарты бойынша мердігер мекемеге 525 млн теңге бөлінді. Бірақ олар қаражат аз деген желеумен жұмысты созып, өздері байланысқа шықпай жүр. Енді бұл мәселеге облыстық мәслихат депутаттары араласпақ.
Айбар Ерекешов, облыстық мәслихат депутаты:
- Ералы су қоймасының мәселесі өте өзекті болып тұр. Себебі алдағы уақытта келген үлкен суды тікелей Тайсойғанға жіберіп, қалған округтерді суға кету қаупінен сақтап қалуға үлкен мүмкіндік туғызады. Біз өзіміз «AMANAT» партиясы тарапынан осы «Ералы» су қоймасын, су реттегіш бөгетті алдағы уақытта тікелей бақылауға аламыз деп шештік.
Су торабы жөнделіп, шлюздер қалпына келтірілсе, Қызылқоға ауданындағы 7 ауылдық округті су басу қаупі азаяды. Бастысы, ауданды ауызсумен қамтитын «Тайсойған» жерасты су қоймасы тіршілік нәрімен толығады. Мамандар Тайсойғанда 4 млрд текше метр таза су қоры бар дегенді айтады. Бірақ жарты ғасыр бойы тіршілік нәрін беріп келген су көзі тасқын су жетпесе, сарқылары анық.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин.