Ақмола облысында Рақымжан Қошқарбаевқа арналған саябақ ашылды
Ақмола облысында халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевқа арналған саябақ пен ескерткіштің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды 24KZ. Батырдың 100 жылдығына орайластырылған жобаға облыстық бюджеттен 70 млн теңге қаражат бөлінген. Шараға облыс әкімі Марат Ахметжанов, Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов пен Рақымжан Қошқарбаевтың қызы Әлия Рақымжанқызы қатысты.
Қосшы қаласының Тайтөбе ауылында ашылған саябақтың жалпы аумағы – 1200 шаршы метр. Аллея айналасына қарағайлар отырғызылып, орындықтар қойылды. Жарық шамдары орнатылды. Батырдың қола мүсіні алаңның дәл ортасында орналасыпты.
Жабал Ерғалиев, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:
- Бұны бүкіл қазақ елінің мерейлі шарасы деп есептеуге болады. Әр ер азаматтың ерлігінің бірінші ескерткіші кіндік қаны тамған туған жерінде басталуы керек. Туған жерде тұрған ескерткіш, туған топырағында, жалпы қазақ даласында тұрған ескерткіш деп қабылдауға болады.
Әбілқайыр Айнабаев, Қосшы қаласының тұрғыны:
- Барша халық тойлату үстіндеміз. Күн де жақсы болып тұр сондай. Халықтың көңілі көтеріңкі, жақсы. Бұл күн біз үшін, халық үшін өте маңызды. Өскелең ұрпаққа берер тәрбиелік маңызы өте зор.
Ескерткіштің биіктігі – 2,5 метр. Тарихи композицияның авторы – мүсінші Азамат Талапқан.
Берген Жұмкейұлы, Қосшы қаласы әкімінің орынбасары:
- Өздеріңіз көріп тұрған алаң жай ғана жер алаң болатын. 100 жылдық мерейтойына қарсы саябақ ашып жатырмыз бүгін. Қалалық жоспар жасағанбыз. Сол жоспардың ішіне осы іс-шара кіріп, өткен жылы басталған жоба.
Салтанатты шараға ауыл тұрғындары, ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Ескерткіш қазақ жауынгерінің Екінші дүниежүзілік соғыста көрсеткен өлшеусіз ерлігін еске салады. Рақымжан Қошқарбаевтың қызы бұл күн майдангердің туыстары мен жақындары және барша қазақстандықтар үшін қуанышты сәт екенін жеткізді.
Әлия Рақымжанқызы, Рақымжан Қошқарбаевтың қызы:
- Бүгін өте ерекше күн деп ойлаймын. Менің әкеме, Халық қаһарманына, Рақымжан Қошқарбаевқа 100 жыл толып отыр. Еліміз тыныш болсын. Аман-сау болайық. Көп-көп алғыс айтамын.
Ескерткіштің ашылу салтанатына келгендер сарбаз ботқасынан дәм татты. Қару-жарақ пен әскери техникалар көрмесін тамашалады. Шара соңында батыр мүсініне гүл шоқтарын қойды.
Авторлары: Дильназ Тұрғазыева, Ержан Қанапияұлы.