БҚО-да 642 шақырым жол салынып жатыр
Батыс Қазақстан облысында былтыр 562 шақырым жол жөнделсе, биыл 642 километр жол салынып жатыр, деп хабарлайды 24KZ. Бұл мақсатқа барлық қаржы көздерінен 100 миллиард теңге қаралған. Шалғайдағы Жәнібек ауданында да жол құрылысы қарқын алған. Облыс әкімінің есептік кездесуінде айтылғандай, таяу жылдары аудандағы барлық ауылдық округке апарар жолға асфальт төселмек.
Оралдан 500 шақырым жердегі Жәнібек ауданына жол құрылысы биыл толық аяқталды. Қазір ауылдан Ресей шекарасына шейінгі жол жөнделіп жатыр. Одан басқа, Борсы, Ақоба ауылдарына асфальт салынған. Бұл мақсатқа барлығы 4,5 миллиард теңге қаралыпты.
Жақсылық Абдолов, Жәнібек ауданы әкімінің орынбасары:
- Былтыр аудандағы қанағаттанарлық жақсы жолдардың үлесі 29% болса, осы жұмыстар қабылданғасын 37% жетеді. Жалпы 34,6 км жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Қиыншылықтары материал жеткізуде. Жол алыстығы.
Бүгінде 9 ауылдық округтің жетеуіне апарар жол асфальт болса, келер жылы Талов ауылына жол салынып бітпек. Қазір Жақсыбай ауылына жоба жасалып жатыр. Жалпы облыс бойынша 642 шақырым жолды жөндеуге 100 млрд теңге бөлінген. «Бұл – бұрын-сонды болмаған көрсеткіш», – деді облыс әкімі Нариман Төреғалиев тұрғындармен есептік кездесуде. Өңір басшысы өз сөзінде Мемлекет басшысының тапсырмасына сай ауылдық жерге инвестиция тартылып жатқанын айтып, ауылшаруашылық өнімдерін терең өңдеудің маңызына тоқталды.
Нариман Төреғалиев, БҚО әкімі:
- Инвестициялық жобалардың мақсаты да – жаңа жобаларды жүзеге асыру. Ауданда жұмыс орындары әлі де тапшы. Ауыл халқына жұмыс керек. Ал ол жұмысты табу үшін инвестиция тарту керек. Мемлекеттік бағдарламалар аясында ауыл шаруаларын қолдауға бірқатар шара қолға алып жатырмыз. Ауылдық жерде көптеген шаруа қожалығы жаңа технологияларға көшіп жатыр.
Өңір басшысының есептік кездесуінде ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікті дамытудың өзге де түйінді мәселелері талқыланды.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Е. Меңдіғалиев, Э. Аюпов.