Қызылорда облысында бірнеше әлеуметтік нысан ашылды

Республика күні қарсаңында Қызылорда облысында бірнеше әлеуметтік нысан қолданысқа берілді. Қазалы ауданының орталығы Әйтеке би кентінде жаңа спорт кешені ашылды. Сондай-ақ 120 отбасы қоныстойын тойлады. Ал Абай ауылына табиғи газ берілді. Бұл шараға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысты. Сонымен қатар аймақ басшысы ауданға сапары аясында Әйтеке бидің 380 жылдығы, Жанқожа батырдың 250 жылдығына арналған ғылыми танымдық конференцияда сөз сөйледі.

Қазалы ауданының орталығынан ашылған спорт кешенінің жалпы аумағы 1000 шаршы метрді құрайды. Уақыт талабына сай жабдықталған 200 орынды ғимарат жеке инвестордың қаржысына салынды. Мұнда гандбол, волейбол, футбол және үстел теннисімен айналысуға мүмкіндік бар.

Бану Көпжан, оқушы:

- Біз бұрын мектепте жаттығу жасайтынбыз. Ол зал кішкентай болғандықтан, бізге ыңғайсыз болатын. Бұл жақта ыңғайлы. 40-20 стандартты зал ашылды. Бұл үлкен мүмкіндік береді. Кішкентай қыздарға да жақсы. Осы кезден бастап дайындалады. Ганболға үйренеді. Негізі ганболдың залы осындай болу керек. Осы зал ыңғайлы гандболға.

Республика күні қарсаңында қазалылықтар қоныстойын тойлады. Әйтеке би кентіндегі жаңа ықшамауданнан салынған 120 пәтерлі 60 арендалық тұрғын үй пайдалануға берілді. Екі бөлмелі әр пәтердің аумағы – 80 шаршы метр. Жаңа баспана кілті үй кезегінде тұрған отбасыларға табысталды.

Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:

- Соңғы екі жарым жылдың ішінде 4 мыңнан астам пәтер ел игілігіне табысталды. Онда қазір 17 мыңнан астам жерлесіміз бақытты күн кешіп жатыр. Биылғы жылдың өзінде мыңның үстінде пәтер кілттерін табыстадық. Биыл аудандарда 700-дің үстінде осындай кезекте тұрған азаматтарды үймен қамтамасыз етеміз.

Гүлзира Есенова, Әйтеке би кентінің тұрғыны:

- Кейде бір пәтерді босатады, келесі пәтерде отырып, осы көптен күткен үйі ғой енді. Шексіз қуанып жатырмыз. Бұрынғы пәтерден гөрі енді өзінің үйі қандай болады?! Керемет болады. Жайлы, өзіне уайымсыз болады.

Ауданда тұрғын үй құрылысымен қатар инфрақұрылым жобалары да жүзеге асып жатыр. Соның аясында Абай ауылының тұрғындары табиға газға қол жеткізді. 200-ге жуық түтіні бар елді мекен тұрғындары отын тасып, пеш жағып, күл шығару бейнетінен құтылды.

Венера Қарсақбай, Абай ауылының тұрғыны:

- Бүгіннен бастап ауылымызға газ берілді. Жағып көріп жатырмыз. Қиындықтан құтыламыз енді. Біздің де өміріміз жеңілдеп жатыр. Қаланың адамымен теңесіп жатырмыз біз де.

Аймақ басшысы ауданға сапары аясында Әйтеке бидің 380 жылдығы, Жанқожа батырдың 250 жылдығына арналған ғылыми танымдық конференцияға қатысты.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев.