Биыл орманшылардың жалақысы 100% өсті

Биыл шілде айынан бастап орманшылардың жалақысы 100% өсті, деп хабарлайды 24kz.

Қазір сала мамандарының орташа айлығы 200-300 мың теңге аралығында. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев айтты. Ведомство басшысы орманшыларды кәсіби мерекесімен құттықтап: «Олардың ерен еңбегі ешқашан елеусіз қалмайды», - деді.

Мирлан Алтынбек, тілші:

- Мақсат Елемесов 1975 жылы орманшы отбасында дүниеге келді. 1970 жылы оның әкесі Мұрат Елемесов орман шаруашылығының инженері ретінде алғашқы еңбек жолын Семей өңірінен бастады. Кейіпкеріміз ойын баласы кезінен әке жолын қуып, орманшы болуды армандаған. Еліміз тәуелсіздік алған тұста Мақсат Елемесовтің бұл арманы орындалды. Бүгінде туған ағасы да, өзінің бала-шағасы да ұрпақтар сабақтастығын үзбей, әке ізін жалғап келеді. Әулетінің саладағы жалпы еңбек өтілі 120 жылға жуықтайды.

Мақсат Елемесов, ҚР ЭТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары:

- Әкем «Орманды қорғау – игі іс» деп үнемі айтып отырушы еді. Бұл салада жүргеніме еш өкінбеймін. Табиғаттың сыйын ұрпақтарымызға аманаттау біздің міндет. Өйткені бүгінде талдарымызға төнетін қауіп көп. Тоғайды заңсыз отаушылар бар. Оларға жол бермеуіміз керек. Өрттің алдын алуға тырысамыз. Жауапкершілік мол.

Төл мерекеге орай сала қызметкерлері елордадағы «Ғашықтар саябағына» 500 түп ағаш екті. Оның ішінде 150 данадан алма, мойыл, ырғай ағаштары мен 50 дана тал отырғызылды. Көшеттер «Жасыл аймақ» тәлімбағынан берілді. «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық науқанына Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев та қатысты.

Ерлан Нысанбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі:

- Сонау 1997 жылы Астана қаласының маңайында осы екпелерді отырғызу басталды. Содан бері қарай 27 жыл өтіпті. Астана маңайына 102 мың гектар жерге ағаш отырғызылды. Бойы 25-35 см еккен ағаштар бүгінде ну орман болып тұр. Шын мәнінде бұл жоба Қазақстанымыздағы орман саласындағы мамандардың, ғалымдардың үлкен жетістігі. Мемлекетіміздің орманшыларын кәсіби мереке күнімен құттықтағым келеді. Шын мәнінде орманшылардың жұмысы оңай емес.

Бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2 млрд түп ағаш отырғызу бойынша жұмыстар жоспарға сай жүріп жатыр. Сондай-ақ ормандарды оңалтып, қорғау үшін биыл техника сатып алуға бюджеттен 52 млрд теңге бөлінді. Айта кеткен жөн, салада шамамен 15 мың маман қызмет етеді.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Мұрат Әріпханов, Мейрамбек Қайыргелді