20 қазан – Халықаралық авиадиспетчер күні

Бүгін – Халықаралық авиадиспетчер күні. Ақтау халықаралық әуежайында ұшақтар қозғалысын 23 диспетчер басқарады, деп хабарлайды 24kz.

Авиация мамандары жыл басынан бері 7 мыңдай әуе рейсін қабылдапты. Олар тәулік бойы бес аусымда кезекшілік атқарады. Ұшақтардың қауіпсіз һ қонуынан бастап арнайы тұраққа кіріп, қозғалтқышы толық сөндірілгенге дейін бақылауда ұстайды.

Талғат Исламұлы, тілші:

- Ақтау әуежайы күніне отыздан астам ұшақ қабылдайды. Қас қарая авиадиспетчерлердің жұмысы қыза түседі. Түнде әуе көліктерінің жерге қауіпсіз әрі өз кезегімен ұшып-қонуын қалт жібермей бақылайды. Сергейдің осы салада жұмыс істеп жүргеніне 40 жыл болған. Балалық шағында ұшқыш болуды армандапты. Кировоград әуе-штурмандық училищесін бітірген соң ойы өзгеріп, диспетчер болуды шешкен.

Сергей Бобыр, «Қазәуенавигация» РМК филиалының ұшу жетекшісі:

- Әуе диспетчерінің жұмысы ұшқыр ой мен жылдам әрекетті талап етеді. Әр екі жыл сайын денсаулығымызды тексертіп тұрамыз. Көкжиектен ұшақ көрінген сәттен бастап әуежайға кедергісіз қонуын, жолаушылар түскенге дейін бақылауда ұстаймыз. Кей кезде бірнеше ұшақты қатар қабылдайтын күндеріміз болады. Бұл ретте бірер секундта шешім қабылдауға тура келеді.

Әуе қозғалысын басқаратындар ағылшын тілін жетік білуі керек. Авиадиспетчерлердің шет тілін меңгеру деңгейі 3 жыл сайын тексеріліп, лицензия беріледі. Бұл қызметті кезінде ұшақ экипажында болған мамандар да атқара алады. Соның бірі – 33 жастағы Елдос Тұрысбеков. Ол бұрын борт жолсерігі болған. Қазір әр ауысымда 12 ұшаққа дейін қабылдап жүр.

Елдос Тұрысбеков, «Қазәуенавигация» РМК филиалының диспетчері:

- Ақтау аспанын тұман жиі торлайды. Алайда, табиғат құбылысы жұмысымызға кедергі келтіре алмайды. Мұндай кезде әріптесіммен бірге ұшақ экипажымен радио арқылы сөйлесе отырып, әуе көлігін белгіленген ұшу-қону жолағына бағыттаймыз. Жерге қауіпсіз қонғанға дейін жіті назарда ұстаймыз.

Халықаралық әуе диспетчерлері күні қарсаңында Ақтау әуежайында мектеп оқушылары үшін экскурсия ұйымдастырылды. Күнде бола бермейтін танымдық шара балаларға ұмытылмастай әсер қалдырды.

Нәзира Әділгерей, оқушы:

- Экскурсия бізге қатты ұнады. Әуежай ішінде әр бағыт арнайы жолақпен белгіленгенін көріп, таң қалдық. Олардың жолаушыларды тіркеу орнына, дәмхана, басқа да орындарға нұсқайтынын мамандар бізге түсіндірді.

«Қазәуенавигация» мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері алдағы уақытта мектептерге барып, өскелең ұрпаққа кәсіби бағыт-бағдар беруді жоспарлап та қойған. Мұндай кездесулер балалардың авиация мамандықтарына қызығушылығын оятуды көздейді.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев