Түркістан облысында 12 спорт нысаны салынып жатыр
Былтыр 51 кешен пайдалануға берілді, деп хабарлайды 24kz.
Алайда, әлі 96 елді мекенде спорт залы жоқ. Соңғы жылдары ауыл балаларының спортқа қызығушылығы артқан. Мәселен Түркістан облысында 8 мыңға жуық жасөспірім түрлі спорттық үйірмелерге барады. Әсіресе, бокс, күрес, таэквондо сияқты тегін үйірмелерден қалмайды. Тек Келес ауданында бір жарым мыңға жуық бала жаттығу секцияларына барып, халықаралық додаларға қатысып жүр.
Бесқұбыр ауылындағы спорт залға осы аумақтағы төрт елді мекеннен жүзге жуық бала келіп, бокспен шұғылданады. Спорт залдың ашылғанына бір жыл болса да, арасында жетістікке жеткендері бар. Солардың бірі – Дидар Мұхаммедәмин. Он бір жастағы жеткіншектің қабілетін байқаған бапкерлер оны кәсіби деңгейде жаттықтырып жүр.
Дидар Мұхаммедәмин, оқушы:
- Бірінші мамыр ауылында мектепте тренировка болатын еді. Сол жақта істейтін едік. Кейін осы зал ашылды. Жақында Өзбекстанда бірінші орын алдым.
Келес ауданында бір жарым жыл ішінде алты ауылдық округте тегін үйірмелер ашылды. Бұған дейін жеткіншектер бокс, үстел, теннисі, еркін, күрес, футболмен шұғылданса, биылдан бастап таэквондо, шығыс жекпе жегі, дзюдомен айналысады.
Нұрлан Сапаралиев, жаттықтырушы:
- Қарапайым, қара күштің балалары ауылдан шығады. Ертең Қазақстан бар, Азия чемпионы боласыңдар. «Суреттегі ағаларың сияқты чемпион боласыңдар», деп оларға солай насихаттаймыз. Олар қызығып, келіп жатыр қазір.
Әлішер Мамадияров, Келес спорт клубының директоры:
- 14 ауылдық округтегі біраз ауылда әлі спорт үйірмелері жоқ. Сондықтан ондай елді мекендерге кәсіпкерлерді тартып, спорт кешендерін аштырып, дамытсақ деген мақсаттамыз.
Ауыл балаларының спортқа деген қызығушылығы жоғары. Алайда облыстағы 96 елді мекенде спорт залы жоқ. Былтыр өңірде «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 7 нысан пайдалануға берілсе, жеке инвесторлардың есебінен 44 спорт залы салынған. Биыл жыл соңына дейін тағы 12 нысан іске қосылады деп жоспарланып отыр.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерпболат Әбіш, Қуаныш Әбуов