Оралда жол құрылысы аяқсыз қалған
Оралдың дәл іргесінде тұрса да Деркөл ауылының тұрғындары түзу жолға жарымай отыр.
Аталған елді мекен көшелеріне 4 жыл бұрын асфальт төселе бастаған. Содан бері жұмыс бірде басталып, бірде тоқтап әлі күнге дейін сағызша созылып келеді.
Деркөл ауылына қарасты Сарыарқа ықшам ауданындағы жер телімдері 2011 жылы беріле бастаған. Содан бастап аймақта үй құрылысы қарқын алды. Қазір мұнда 10 мыңнан аса адам тұрады. Жол сапасы мен қоғамдық көліктің жағдайы олардың бас ауыртар басты мәселесі болып отыр.
Бақберген Макулов, Деркөл ауылының тұрғыны:
- 2020 дан бері жол үзіліп үзіліп, әртүрлі жағдайда салынып келді. Жылдағы айтылатын әңгіме. Басында бізге айтады осы жылы бітеді деп, бітпей қалады. Келесі жылы тағы осындай айқай тағы бітпей қалады. Түсінбейтін жағдайлар көп.
Разиль Галимов, Деркөл ауылының тұрғыны:
- Мектеп салып жатыр. Сол себепті сұрап жатқаным, жолды мектеп алдына ғана салмай бізге де Хадиша Бөкеева көшесіне толықтай салса дегеніміз. Өйткені ертең балаларымыз жаңа мектепке барады ғой. Сол жаңа мектепке дұрыс жолмен жүрсін дейміз, балшыққа түспей.
Жоба бойынша 3 млрд теңгеге Сарыарқа ықшам ауданындағы 48 шақырым жол асфальтталуы тиіс еді. 4 жылда соның 35 километрі ғана жасалды. Құрылыстың созбалаңға салынуына қаржы жетіспеушілігі себеп болды,- дейді қалалық әкімдік қызметкерлері.
Жандос Дүйсенғалиев, Орал қаласы әкімінің орынбасары:
- Республикалық бюджеттен бөлінетін қаржы дер кезінде түспеді. Сондықтан өткен жылы қалған 13 шақырымдық жолдың жобасына өзгеріс енгіздік. Сөйтіп, жоба 800 млн теңгеге қымбатырақ болып шықты. Жетіспейтін қаражатты келесі жылы сұратып, жұмысты жалғастырамыз. 2025 жылға дейін Сарыарқа шағын ауданындағы жол құрылысын аяқтауды мақсат етіп отырмыз.
Көктемгі су тасқынынан облыстық бюджет шығыны күрт көбейді, дейді саладағылар. Соған байланысты өңірдегі жобалардың бірқатары кейінге шегерілген. Мәселен, биыл Оралда 97 шақырым жол салу жоспарланып, соның 65 шақырымы ғана аяқталған.
Шыңғыс Қалиден, Альбина Кумаргалиева, Болат Жарылгасов, Эльдар Аюпов