«Көкшетау» табиғи паркінің аумағын орманшылар қорғайды

Орман-тоғайды көбейту бүкіл елді жұмылдыратын нағыз халықтық идеяға айналуы керек.

Себебі ел аумағының орманды алқабы небәрі 5 пайызға жуықтайды. Мемлекет басшысы өз Жолдауында Үкіметке бұл саланы реформалауды тапсырды. Осы ретте орманшыларға үлкен міндет жүктеліп отыр. Ғұмырын осы салаға арнап, жасыл желекті көбейтуге үлес қосып жүрген жандар аз емес. Сондай орманшының бірімен әріптесім Абзал Балтабаев кездесіп қайтты.

Қуаныш Шәгенов 12 жыл бойы орманшы боп еңбек етіп жүр. Өз жұмысын бес саусағындай біледі. Қыстың қақаған аязы мен жаздың аптап ыстығын елемейді. Күні-түні қауіпсіздікті бақылайды. Тіпті орманды алапат өрттен қорғап қалған кездері болғанын айтады. 

Қуаныш Шәгенов, «Көкшетау» МҰТП Шалқар филиалының бас инженері:

- Жұмыс оңай емес. Көбіне түнгі рейдтерге шығамыз. Себебі өрттің бәрі түнде тіркеледі. Сонымен қатар ормандағы тазалықты да қадағалаймыз. Қоқыстарды жинап, ретке келтіреміз. 

Былтыр орманшы ерлік танытты. Жанып жатқан үйден екі адамды құтқарды. Дегенмен, өзі бұл әрекетін батырлыққа баламайды. 

Қуаныш Шәгенов, «Көкшетау» МҰТП Шалқар филиалының бас инженері:

- Өзімді батыр деп санаймын. Менің орнымда басқа біреу болғанда еш ойланбастан дәл солай жасайтын еді.  Өрт шыққан  үйдің ішіндегі адамдарды көргенде қорқыныш сезімін сезінбедім. Ойым тек адам жанын сақтап қалу болды. 

Жалпы ормашылардың жұмысы қауырт. Жазда өртпен алысса, қыста дала жануарларын қоректендіріп браконьерлерден қорғайды. Ал жаңа жыл қарсаңында шыршалардың қауіпсіздігіне жауап береді. Қуаныш Шәгенов бұның бәрін асқан ыждағаттылықпен атқарады. Оның бұл қасиетін әріптестері жоғары бағалайды. 

Қайрат Орынбаев, «Көкшетау» МҰТП Шалқар филиалы өрт сөндіру станциясының бастығы:

- Қуаныш өте жақсы жігіт. Жұмысына ұқыпты. Әсіресе орман өртін сөндіру жағын жақсы басқарады. Кейде екеуміз көп нәрсе де ақылдасып, қалай сөндіру керегін үйретіп, бізде орман сөндіретін жауынгерлерді үйретеміз.  

Қазір «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіндегі орман алқабында 317 орманшы бар. Оның 36-сы қыз-келіншектер.

Абзал Балтабаев, Евгений Шинкаренко