Алматыда Ауғанстан тауарларының көрмесі ашылды
Бұл Қазақстанда Сауда және интеграция министрлігі мен Qaztrade сауда саясатын дамыту орталығының қолдауымен ұйымдастырылып отырған Ауғанстан дәстүрлі өнімдерінің екінші көрмесі.
Көрмеге премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин және Ауғанстанның сауда және өнеркәсіп министрі Нуриддин Азизи қатысты. «Атакент-Экспо» көрме кешенінде 80-нен астам ауған компанияларының тауарлары ұсынылған. Сусын мен шырын өндіруші ірі компания Қазақстанмен сауда-интеграциялық байланысты нығайтып келеді. Сондай-ақ көрмеде кондитерлік өнімдер, кептірілген жемістер, зергерлік бұйымдар, кілемдер, құрылыс материалдары және басқа да тауарлар ұсынылған. Өз сөзінде Серік Жұманғарин Алматы көрмесіне ауғандық бизнес қауымдастықтың 150 өкілі қатысып отырғанын атап өтті.
Шохаб Канавизан, компания басшысы /Ауғанстан/:
- Қазақстан нарығында жұмыс істеп жатқанымызға 2 жыл болды. Мұнда бизнесті дамытуға қолайлы жағдай жасалған. Біздің өнім Орталық Азия мен Ресейге экспортталады. Енді Африка елдеріне шығуды көздейміз.
Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
- Қазақстан Ауғанстанды Оңтүстік және Орталық Азиядағы маңызды әрі ажырамас серіктес ретінде қарастырады. Дүниежүзілік дағдарыстарға қарамастан Қазақстан мен Ауғанстан арасында сауда-экономикалық ынтымақтастық жалғаса дамып келеді. Қазақстан тек өз өнімдерін ауған нарығына шығарумен шектелмей, ауған тауарларының біздің біздің нарығымызға шығуына да ықпал етеді.