Астанада JasREPUBLIC CUP дебаты мәресіне жетті

Елордада республика күні қарсаңында JasRepublic Cup дебат турнирінің жеңімпаздары анықталды.

Пікірсайысқа орыс және қазақ лигаларынан 40 команда қатысты. Білім жарысының алғашқы кезеңіне екі мыңға тарта адам сынға түсті, үздік 120 оқушы финалға шықты. Дебатерлер Қазақстанның Қарулы Күштерінің құрамын жаңаша толықтыру, халықты үнемшілдікке баулу сынды мәселелерге қатысты өз ұсыныстарын айтты. Олар бас жүлдеге тігілген 1 миллион теңге үшін өзара бақ сынасты. Ал 2, 3-орын иегерлеріне 750 мың және 600 мың теңге көлемінде қаржылай сыйлықтар табысталды. Ойындар елімізде алғаш рет халықаралық форматта өтті. 

Болат Асанәлі, "JasRepublic Cup" дебат турнирінің жеңімпазы:

- Біз бір-бірімізбен мәдени алмастық. Пікір алмастық. Достастық. Әрине мемлекеттік деңгейдегі сұрақтарды талқылау біз үшін қиын әрі қызықты болды. Бізде күмән өте көп болды. Алайда жүрегіміздің бір түкпірінде жеңеміз деген сенім болды. Осы сенімнің және талпынысымыздың арқасында жеңіске жетіп отырмыз.

Нұргүл Тау, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бұл дебаттың өзінің атында да тұр, «Әділетті, таза және қауіпсіз Қазақстан» деген тақырыпта болды. Халықаралық форматта өтті. 3 дебатер болады ол жерде. Мен ойлаймын бұл әлі жалғасын табады. Өйткені балалардың арасында қызығушылық жоғары деңгейде болды.