Су тасқыны: Қостанай облысында ауылдардың электр желісі жөнге келіп қалды

Қостанай облысында көктемгі тасқын кезінде мыңға жуық электр бағаны құлап, 14 елді мекен жарықсыз қалған еді. Қазір барлық ауылдарға тоқ берілді, деп хабарлайды 24KZ.

Алайда электр желісінің бұзылған тұстарын қалпына келтіру жұмыстары әлі жүріп жатыр. Жауапты мамандар: «Жұмысты бірер күнде толық аяқтаймыз», – дейді.

Аудан орталығы Амангелдіден Үрпек ауылына тартылған электр бағандарының 40-тан астамын тасқын су қиратып бұзып кеткен. Қазір Үрпек жарықты Арқалықтан алып отыр. Ал бұрынғы электр желісін жөндеу жұмыстары әлі жалғасып жатыр.

Үрпек ауылы 1,5 айға жуық жарықсыз отырды. Сол кезде мұндағы жұрттың бәрі тоқ бергіш генераторды пайдаланды. Шағын қондырғы қазір де әр үйде бар. «Әлі қандай жағдай болады»,– деп сақтап отыр. 

Серік Жұмабеков, Үрпек ауылының тұрғыны:

- Осы 14 шақырымның 10 шақырымдай жерін су бұзып кетті, жолдың бәрін. Әр жерде үзік-үзік. Сол жерлердің барлығында жұрт жаяу тасыды мұны, қайықпен тасыды осы екі ортада. Одан кейін бұған керекті қоректі бензинін тасыды. Енді халық біраз әуреге түсті.

Айта кету керек, бағандар қойып, электр желісін тез арада іске қосу үшін сала мамандары тынымсыз еңбек етті. Соның арқасында 1,5 айдың ішінде жарықсыз қалған барлық ауылдар электр қуатымен қамтылды. Кейбір елді мекендердің көшесіне де жарық шамдар орнатылды.

Нұрболат Бияхмет, Үрпек ауылдық округі әкім аппаратының бас маманы:

- Ауылдың ішінде түнгі жарық орнатылды биыл. 25 миллион тенгеге 145 баған, 147 прожектор орнатылды.

Су тасқыны әсіресе Амангелді ауданының электр тарату жүйесіне үлкен нұқсан келтірді. Бағандары құлағаннан тыс, қосалқы стансысы істен шығып, көптеген ауыл-аймақ қараңғы түнек құшағында қалды. Жаз мезгілі ұзақ уақыт су кетпей, жер кеппей жөндеу жұмыстарына біраз кедергі келтірді. 

Азамат Сабыржан, энергетика және ТКШ басқармасы басшысының орынбасары:

-Амангелді электр «подстанциядан» Иманов ауылына қарай жүретін үлкен 110 киловаттық электр желісі бар. Сол электр желісінің 110 үлкен бағандары мұз кезінде қирап кеткен болатын. Су кезінде алыстан «дефектовка» жасап, жаңағы ол кезде кейбір бағандар тұрып тұрды, біреулері су кепкеннен кейін құлады. Сондай мәселелер болып жатты. Сол себепті 110-дық бағандарды қазіргі таңда қойып, бүгін бітіру керек.

Облыстың оңтүстік өңірлерінде электр желісін іске қосуға Үкімет қорынан шамамен 1 миллиард 300 миллион теңге бөлінген.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг.