Сенатор әскер алдындағы медициналық тексерістен өту тәртібін өзгертуді ұсынды

Бозбалалардың Отан алдындағы борышын өтеуге жарамдылығын анықтайтын әскери-дәрігерлік комиссияның жұмысында елеулі қиындықтар бар. Сенатор Амангелді Нұғманов осы мәселеге байланысты Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдады. Айтуынша, сапалы тексеру жүргізу үшін берілетін уақыт жеткіліксіз.

Заң бойынша топтарды жасақтауға 3 күн ғана беріледі. Ал қажетті медициналық зертханалық зерттеу жүргізуге бұл жеткіліксіз. Сонымен қатар әскерге шақырылғандардың көбі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында сақтандырылмаған. Бұл да толыққанды медициналық тексеруден өтуге кедергі келтіріп отыр. Сенатор мәселені шешудің бір жолы ретінде әскерге шақырылушыларды учаскелік емханаларда медициналық тексерістен өткізіп, қорытындысын әскери комиссариатқа жолдауды ұсынды. Бұл шаралар медициналық тексеріс қорытындысының сапалы жасалуына септігін тигізеді.

Амангелді Нұғманов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Шақыру науқаны кезеңінде әскерге шақырылушыларды мемлекет есебінен сақтандырылған адамдар ретінде жеңілдігі бар санатқа заңнамалық түрде енгізу мүмкіндігін қарастыру қажет. Бюджеттік саясат қағидатын сақтау, қаржының экономикалық тиімділігі мен шығыстарын оңтайландыру тәртібі бойынша облыстық бірыңғай әскерге шақыру медициналық комиссиясын құру мәселесін зерделеу қажет деп санаймыз. Бұл бірнеше рет тексеруге жұмсалатын шығындарды едәуір қысқартуға және жергілікті бюджетке түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.