«Репортаждан адам өмірі маңызды». Журналистер әскери сынақтан өтті

«Шиеленіс нүктелеріне» табан тіреген тілші елге қажетті ақпарды жеткізуге қаншалықты дайын? Оқ пен оттан бөлек, табиғи қауіп-қатерден қорғана ала ма? Журналистердің қабілет қарымы Қорғаныс министрлігі ұйымдастырған әскери дискурста сыналды. БАҚ өкілдері үш күн бойы Қонаев қаласында Экстремалды журналистикаға үйренді.

Тілшілік тіршілікті арқалаған мамандар үшін дискурстың негізгі кезеңі осылай басталды. Сайдың тасындай қатар тізіліп, жотаны жортып келе жатқан БАҚ өкілдері тосыннан келген террористердің торуылына тап болды. Жағадан алған жау журналистерді жерге жырғып, жарық өткізбейтін қап кигізіп, қарша бораған оқтың астымен жүргізді. Артынша жүк машинасына артып, өздері орналасқан құпия аймаққа апарды.

Қысылтаяң шаққа тап келген тілшілер тергеуге алынды. Олардан қақтығыс аймағында болу мақсаты, әріптестерінің аты-жөні, түсірілімге рұқсатының бар-жоғы сұралды.

Террористердің тергеуі ұзаққа бармады. Жағадан алған жауды арнайы күштік құрылымдар жер жастандырды. Сөйтіп, журналистер аман қалды. Иә, бұл көрер көзге құдды бір шынайы қақтығыс болып көрінуі мүмкін. Алайда бұл – Қорғаныс министрлігінің 10 жылға жуық уақыт бойы жүргізіп келе жатқан әскери дискурсы. Қарулы қақтығыс аймағында қалай жұмыс істеуді үйрететін оқу жаттығуға биыл елдің түкпір-түкпірінен 20-дан аса журналист келген.

Гүлзада Әбілқайырова, журналист:

- Бұл – менің әскери дискурсқа алғаш қатысуым. Мен өзім әскери тақырыптарды жиі түсіремін. Бұлай болады деп ойламадым. Фильмде жүргендей сезімді кештім. Мөшекті басқа кигізгенде ауа жетпейді. Өте шынайы болды. Құлаққа қайта-қайта ата бергендері. Мен енді алдыңғы қатарда жүргеннен кейін қолым қатты қызарып қалды. Жіппен екі жақтан тартып тұрды.

Иә, тілшілер бір дегеннен «шиеленіс нүктелеріне» барған жоқ. Алдымен нұсқаушылар дайындықтың негізгі аспектілері туралы айтты. Қажетті құжаттарға, жеке заттарға, сондай-ақ басқа елдегі мінез-құлық ережелеріне қатысты мәселелер қаралды. Стресстік жағдайларға дайындалуға бағытталған психологиялық тренинг пен медициналық көмек курсы да қамтылды. Соғыс жағдайында пайдалы болуы мүмкін тактикалық медицина қарастырылды. Әр сабақ практикалық жаттығулармен қатар жүрді. Тілшілер толық дайын болғанда ғана қақтығыс аймағына аттанды.

Әскери дискурс нұсқаушысы:

- Бұндай соғыс жағдайында ең бірінші – мұқияттылық және қасынызда жүрген әскери адамды тыңдау. Сондай-ақ ең бастысы, репортаждан адам өмірі маңызды. Соны ұмытпауымыз керек.

Әскери дискурстың 3-ші күні осы Қонаев қаласынының жанынадағы қалашықтан аяқталды. Журналистер, БАҚ өкілдері діттеген жеріне қадам басып келе жатқанда белгісіз біреулер алып кетті. Содан кейін қазақ әскері құтқарып қалды. Жалпы осы 3 күндік дискурстан түйгенім, журналист әрқашан қару ұстамауы керек. Журналистің қаруы – қолындағы құралы. Сондай-ақ әрбір бейнематериал адам өмірінен маңызды емес.

Авторлары: Әлішер Әли, Нұрғали Мамырбаев.