«Жас патриоттар академиясының» республикалық форумы қорытындыланды
Еліміздің Оқу-ағарту және Қорғаныс министрліктерінің ұйымдастыруымен өткен қазақстандық «Жас патриоттар академиясының» кезекті республикалық форумы қорытындыланды, деп хабарлайды 24KZ. Биылғы жиын Алматы облысындағы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығы мен Сағадат Нұрмағанбетов атындағы Құрлық әскерлері институтының базасында өтті.
Аталған іс-шараға еліміздің түкпір-түкпірінен 400-ге жуық жас патриот қатысты. Қазақстандық «Жас патриоттар академиясы» мүшелерінің саны бүгінде 3500-ге жеткен. Форум барысында өз қатарластары арасында ерлігімен көзге түскен 50 оқушыға аталған қоғамдық бірлестіктің куәлігі мен төсбелгісі табыс етілді. Онда негізінен «Патриотизм – біртұтас тәрбие бағдарламасының негізгі арқауы» тақырыбы жан-жақты талқыланды.
Мөлдір Едіге, форумға қатысушы:
- Осы форумнан ең бірінші түйген әсерім, әрбір адамның бойында патриоттық қасиетті дамыту үшін осындай форумдардың көп болып тұруы өте қатты әсер етеді. Себебі осы форумда басқа облыстың балаларымен жұмыстанып, басқа облыстың балаларымен ізденіп, «Жас патриоттар» академиясының қайта өрлеуін қолдай алдық.