Қарағанды облысының елді мекендерінде әлеуметтік инфрақұрылым дамып келеді
Қарағанды облысында 2025 жылдың соңына дейін 92 емдеу мекемесі салынады, деп хабарлайды 24kz.
Оның 27-сі биыл қолданысқа беріледі. Сонымен қатар басқа салаларда да ілгерілеушілік бар. Елді мекендердің 70%-і интернет жүйесіне қосылса, ауызсу құбырларын жаңғырту бойынша 30-дан астам жоба қолға алынды.
Жолдарды жөндеу, әлеуметтік нысандарды салу және интернеттің қолжетімділігін арттыру – ауылдарды дамыту жол картасының негізгі бағыттары осы. Әсіресе, шалғай елді мекендерді ауызсуға қосуға ерекше басымдық берілген. Бұл мақсатқа биыл 5,6 млрд теңге бөлінді. Жалпы саны 31 жоба жүзеге асырылады. Яғни, 93 шақырым ауызсу құбыры тартылып, ескісі жаңартылады деген сөз. Сонымен қатар байланыс сапасын жақсартып, интернет желісін тартуда біраз шаруа тындырылды. «Осы күнге дейін 200-ден астам ауыл бүкіләлемдік ғаламтор жүйесіне қосылды, - дейді облыс әкімінің орынбасары Бауыржан Асанов.
Бауыржан Асанов, облыс әкімінің орынбасары:
- Облысымызда 342 ауылдық елді мекен бар. Оның 160-ның даму әлеуеті бар. Оның ішінде 68-і тірек ауыл болса, 92 ауыл ол спутниктік. Оның 224 орталықтандырылған ауызсумен жабдықталған бүгінгі таңда. 228 ауылда кентшілік жолдар жақсы және қанағаттанарлық деп айта аламыз.
Денсаулық сақтау саласына келер болсақ, келер жылдың соңына дейін 92 медициналық нысан салынады. 27-сінің құрылысы биыл аяқаталады. Одан қалды әр ауданда жылжымалы дәріхана бекеті мен мобильді медициналық кешендер бар. Мұның бәрі «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жүзеге асырылды.
Бауыржан Асанов, облыс әкімінің орынбасары:
- 68 ауылдық елді мекенде осы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы жұмыс атқарды. Соның нәтижесінде осы кейінгі 2 жылда біз 19 елді мекенде адам санының 3 мыңға адамға дейін артқанын байқап отырмыз.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының игілігін көрген Изенді ауылының тұрғындары болды. Тұрғындар ширек ғасыр бойы орталықтандырылған ауызсуға жарымай келді. «Қазір ауылымыз адам танымастай өзгерді», - дейді Бейбіт Шөкенбаев.
Бейбіт Шөкенбаев, Изенді ауылының тұрғыны:
- Ауылымызға су келді, жол болды. Басқа қазіргі кезде медицинаның жүріп тұрған кезі біздің ауылымыз жырақтағы алшақ басқа жерге қарағанда ауыл ғой. Ауылымызға жедел жәрдем көліктерін әкелді. Өрт машинасын да әкелді. Жан-жақты мүмкіндік дамып жатыр.
Жергілікті шаруа қожалығының жетекшісі Қанат Отарбаев туған ауылының проблемаларын шешуден шет қалған емес. Бұған дейін ол ауылға келген жас мамандарға баспана алып берген. Сол үрдісті болашақта да жалғастырмақ ниее.
Қанат Отарбаев, шаруа қожалығының жетекшісі:
- Барынша қолдан келгенді жасаймыз. Мысалы тұрғын үймен қамтамасыз етеміз. Шаруашылықтың балансында осы орталықтың 50-60%-і жаңағы тұрғын үйдің бізде десе болады. Материалдық көмектер де береміз, ол үшін келісімшарт жасап, 4-5 жыл тұрса, тегін мал береміз өсіруге.
Изендіде 620 адам тұрады. Шағын ауылдың тұрмыстық түйткілдері біртіндеп шешіліп келеді. Биыл мұнда ауылішілік жолдар жөнделді. Жалпы өңірде 855 шақырым ауыларалық жол жаңғыртуды қажет етеді. 2024 жылы 29 елді мекенді байланыстыратын 112 шақырым жол жөнделді.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Лиана Жәмліханова, Сайлау Игіліков