Қалбатау – Майқапшағай тас жолының 184 шақырымы биыл қолданысқа беріледі

Қалбатау – Майқапшағай тас жолының Абай облысындағы кей учаскелері де биыл пайдалануға беріледі, деп хабарлайды 24kz.

Күре жолды жаңғырту жұмыстары ұзаққа созылып, 10 жылдан бері тұрғындарды титықтатты. Құрылысқа бөлінген ақша қолды болып, алғашқы мердігер жұмысты аяқсыз қалдырды. Енді былтырдан бері Қытай компаниясы салып жатыр.

Тілек Екпін Семей мен Зайсанның арасында жиі жүреді. Жұмыс бабымен іссапарға шығатын ол көлігінің де жиі бұзылатынын айтады. Жүргізуші жаңа тас жолдың қолданысқа берілуін асыға күтіп жүр.

Тілек Екпін, Зайсан ауданының тұрғыны:

- Осы Зайсан, Көкпекті, Қалбатау жолдарымен жиі жүремін. Бұрын енді жол жаман болатын. Екі үш айда бір машинамыздың сайманы мен дөңгелектерін ауыстырып отыратынбыз.

Назигүл Тұяқбаева, Қаратөбе ауылының тұрғыны:

- Айналма жолмен жүрдік, талай жыл осы жолдың азабын шектік енді. Талай машиналар да жолда сынып жатқан кездер болды. Міне, қазігі таңда біраз уақытта осы жолдың тез қарқында жөнделіп жатқаны өте қуанышты.

Қалбатау – Майқапшағай тас жолын жөндеуге бюджеттен 107 млрд теңге бөлінді. Қазір жұмысты қытайлық құрылыс компаниясы жүргізіп жатыр. Жұмыс сапасын жол активтері ұлттық орталығының мамандары қадағалап, тексеріп отырады.

Сюе Чаю, жоба жетекшісі:

- Қазір жолдағы жұмыс қызу жүріп жатыр. Жол жиектері тазаланып, тегістелуде. Бұған қоса, су тасқынының алдын алатын құбырлар орнатылып, көпірлер салынып жатыр. Бүгінде жалпы жұмыстың 40%-і орындалды.

Қазір Қалбатау – Майқапшағай тас жолында жұмыс қызу. 400-ден астам техника мен жеті жүзден астам адам жұмылдырылған. Алғашында жолдың құрылысына қазақстандық компания жауапты болған. Алайда мердігер жауапсыз болып шығып, басталған іс аяқсыз қалған еді.

Ұлан Байтөлепов, «Қазавтожол» ҰК» АҚ Абай облысы филиалының өкілі:

- Үш компания бірге лидер концорциум болып түскен. Қазақ тарапынан екі компания өз жұмысын аяқтамағандықтан, қазіргі мына бас мердігер Синь Синь жұмысты толығымен аяқтауға міндетті. Сол себепті қыстай жұмыс жасап жатыр.

Рүстем Қайратұлы, тілші:

- Өткен ғасырдың 70-жылдары салынған бұл жол ешқашан толық жөндеуден өтпеген. 2017 жылы қолға алынып, аяқсыз қалды. Жауапсыз мердігер кезікті, сонымен жұмыс тоқтады. Бүгінде қайта жанданған құрылыс аяқталуға жақын. Мердігер ұйым өкілдері жыл соңына дейін жолдың 184 шақырымын пайдалануға береміз деп жоспарлап отыр.

Араға 7 жыл салып, жол құрылысы қарқын алды. Халықаралық маңызы бар трассаның ашылуын халық асыға күтіп жүр.

Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов