ШҚО-да 13 нысан мерзімінде тапсырылмаған
Шығыс Қазақстан облысында 13 нысан мерзімінде тапсырылмаған, деп хабарлайды 24kz.
Қазір сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің өкілдері ұзаққа созылған құрылыстарды бақылауға алды. Жобалардың жалпы құны – 172 млрд теңге. Бұл нысандардың көбі жетінші жыл салынып жатыр. Ал, биыл тек екеуі ғана аяқталды. Оның бірі Өскемен қаласындағы арнайы халыққа қызмет көрсету орталығы болса, енді бірі Бозанбай ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені. Әсіресе, аймақта осы спорттық нысандардың құрылысы кешігіп жатыр. Мәселен, Ұлан, Қатон-Қарағай, Үлкен нарын жән Марқакөл аудандарындағы сауықтыру кешендеріндегі жұмыс тұралап тұр. Ал, бұл нысандардың құрылысына бір мердігер жауапты. Сондай-ақ осы мердігерлік ұйым Топқайын ауылындағы су тарту жұмыстарын 3 жыл бойы аяқтай алмай келеді. Қазір құзырлы орган өкілдері мәселені бақылауға алды. Олар мердігерге жыл соңына дейін уақыт берді. Егер екі айдың ішінде тиісті мәселе шешілмесе, онда сот арқылы қаржы мемлекетке қайтарылады.
Денис Шәкенов, ШҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы:
- Мердігерлерге берілген мерзім ұзартылды. Осы уақыт аралығында олар жұмысты сапалы аяқтау қажет. Қазір жергілікті билік өкілдері біздің ұсынымымыз бойынша осы нысандардағы құрылысты аяқтау үшін нақты шара қолданып жатыр. Яғни, шағым-талап қою, қаржыны өндіріп алу жұмыстары да жүргізіледі.