Бұқтырма көпірі тәулігіне 80 мың көлік өткізуге қауқарлы
Бұқтырма су қоймасының үстінен өтетін алып өткел Шығыс Қазақстандағы алты ауданды байланыстырады, деп хабарлайды 24kz.
Тәулігіне 80 мың көлік өткізуге қауқарлы. «Енді алыс-беріс ұлғайып, туризм қарқынды дамиды», - дейді мамандар. Қатынастың қиындығын тартқан жергілікті жұрт қуанып жатыр.
Бұқтырма су қоймасының жіңішке тұсынан осыдан 3 жыл бұрын басталған көпір құрылысы мерзімінен ерте бітті. Президент тапсырмасымен қолға алынған стратегиялық жоба бір емес, бірнеше ауданды байланыстырады. Бірегей инфрақұрылымның тапсырылуын халық асыға күтті. «Енді туризм дамып, қатынас жеңілдейді», - дейді жергілікті жұрт.
Бақытқан Өлмесеков, Күршім ауданының құрметті азаматы:
- Қуанып жатырмыз,көптен күткен, 60 жыл армандаған көпірімізге. Міне, осы көпірді салған адамдардың барлығына алғыс айтамыз, ел атынан бүкіл қазақстандықтар атынан, көпір мынау елмен елді жалғайтын берекелі көпір болсын, туризм дамысын,ел ауданнан көшпесін.
Мөлдір Дәулетханқызы қол күресінен Азия чемпионы. Шымыр қыз соңынан ерген күршімдік жеткіншектерді спортқа баулып жүр. Айтуынша, дәл осы жолдың қиындығынан жарыстардан кешігіп, талайына қатыса алмай қалыпты.
Мөлдір Дәулетқанқызы, қол күресінен Азия чемпионы:
- Бір көпір бізге жаңадан мүмкіндіктер ашады. Себебі біз, жастар қаламен байланысымыз тығыз болады. Көпір ашылды Енді 24/7 былай осы көпірден өте аламыз, өте қуаныштымыз.
Эльмира Ахметова, тілші:
- Бұдан былай Бұқтырма су қоймасынан көзді ашып-жұмғанша өтуге болады. Елдегі ең ұзын көпір Күршім, Марқакөл, Зайсан, Тарбағатай Үлкен Нарын аудандарына барыс келісті жеңілдетеді. Ең бастысы, енді ескі паромдарды жағада сағаттап күтетін заман артта қалды.
Бұл көпірді ауылдықтардың зарыға күткені рас. Жазда паромға үлгермей титықтаған тұрғындар қыста мұз үстімен өтуге мәжбүр болды.
Талай адам суға батып, мерт болды. Күршім аудандық маслихатының депутаты, кәсіпкер Ләззат Құмарова: «Кезінде тонналаған тауарым мұз астына кеткен еді», - деп еске алады. «Бірақ көпірді көргенде сол қиындықтың артта қалғанын түсіндім», - дейді. Енді гидронысан қарапайым халыққа пайда әкелсе деген ниетте.
Ләззат Құмарова, Күршім аудандық мәслихатының депутаты:
- Марқакөл Күршім аудандарының кәіспкерлері үшін бірінші туризмді дамытуға үлкен үлесі болады, азық-түлік бағасы арзандайды. Халық қолданатын тауарлар арзандайды.
«Көпір озық технологиямен барлық талапқа сай салынған», - дейді мамандар. Алдын ала төзімділігі де сыналды. Жобалаушылардың есебінше, енді кем дегенде 75 жыл бойы мінсіз қызмет көрсетуі тиіс.
Авторлары: Эльмира Ахметова. Дмитрий Пыхтин.ШҚО24кз