Экспорттық-кредиттік агенттік отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсетті
Отандық Dolce фармацевтикалық компаниясы жылына 300 млн дана бір рет қолданылатын медициналық өнім шығарады, деп хабарлайды 24kz.
Қазақстанда жасалған халаттар, бетперде мен қолғаптар қазір шетелде сұранысқа ие. Кәсіпорын тауарларын ТМД елдеріне және Орталық Азияға экспорттайды. Тауарлардың шетел нарығына шығуына Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі қолдау көрсетті.
Dolce компаниясы ішкі нарықта 25 жылдан астам жұмыс істейді. Алматы іргесіндегі зауыт медициналық өнімдердің сан алуан түрін шығарады. Қазір Қазақстанда бір рет қолданылатын медициналық қорғаныс құралдарына тапшылық жоқ. «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігінің қолдауымен өнімді әлемдік нарыққа шығарып жатырмыз», - дейді зауыттың коммерциялық директоры Баян Демеуова.
Баян Демеуова, Dolce зауытының коммерциялық директоры:
- Агенттік басқа елдерге экспорттау барысында болуы мүмкін қиындықтарды шешеді. Келісімшарт бойынша әртүрлі тәуекелдерді еңсеріп, отандық өндірушілерді қорғайды. Агенттіктің қолдауымен қаржылық жағдай жақсарады. Нәтижелі серіктестікке қол жеткіземіз.
Агенттікпен ынтымақтастықтың арқасында Dolce компаниясы өндірісті кеңейтіп, өнімдерін Өзбекстан нарығына экспорттады.
Бақыт Смағұлова, Алматы қ. «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ өңірлік менеджері:
- Экспорттық-кредиттік агенттік ретінде экспорттаушыларға жобаның бастапқы кезеңінен бастап жүзеге асыруға дейін жан-жақты қолдау көрсетеміз. Бұл қадамдар коммерциялық және саяси тәуекелдерді азайтуға бағытталған қаржылық және сақтандыру қызметтерін қамтиды. Мәселен, Dolce біздің қысқамерзімді дебиторлық берешекті сақтандыру қызметімізді пайдаланды. Бұл компанияға шетелдік сатып алушылардың төлем қабілеті төмен жағдайда болуы мүмкін қаржылық шығындардан қорғауға мүмкіндік берді.
Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі 2016 жылдан бері отандық тауар өндірушілерге бір триллион үш жүз миллиард теңге көлемінде қолдау көрсетті. Осы кезеңде 240-тан астам экспорттаушы сақтандыру қызметін пайдаланды.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Кенже Амраев