Жезқазғанда ауыл әкімдері елді мекендерді дамыту мәселесін талқылады
Ұлытау облысында ауыл әкімдерінің форумы өтті, деп хабарлайды 24kz.
«Amanat» партиясы ұйымдастырған іс-шара депутаттар мен жергілікті атқарушы орган өкілдері үшін диалог алаңы ретінде қызмет етті. Форум қатысушылары елді мекендерді дамыту мәселесін талқылады, атқарылған жұмыстың қорытындысын шығарды.
Форум жұмысына жергілікті атқарушы билік өкілдері, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, «Amanat» партиясы өңірлік филиалының мүшелері қатысты. Талқылаудың басты тақырыбы ауыл тұрғындарының табысын, әл-ауқатын және өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жобалар болды.
Дастан Рыспеков, Ұлытау облысының әкімі:
- Біздің алдымызда ішкі өнімнің үлесін арттыру бойынша үлкен жауапкершілік тұр. Ол жолда мемлекеттік қаржылай қолдаудан бөлек, инвестициялық жобалардың да рөлі айрықша. Мәселен Ұлытау облысының 2022-2026 жылдарға арналған кешенді жоспарын жүзеге асырып, өңірді ішкі өніммен қамтамасыз ету үшін алдымызда үлкен міндет тұр.
«Ауыл аманаты» жобасы аясында өңірге 3,4 млрд теңге бөлінді, оның 89% игерілді. Заңсыз бөлінген Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмысы да жалғасып жатыр. Соңғы екі жылда Ұлытау облысында 400 мың гектар жер қайтарылды. Бұл процесте ауыл әкімдерінің орны маңызды.
Шолпан Каринова, «Amanat» партиясының хатшысы:
- Мектептер бар, ауруханалар бар, жолдар бар, инженерлік-коммуникациялық желілер, тағы басқалар бар, құрылыс болса пайдалануға беруін бақылауға белсенді және сапалы түрде «Amanat»-тық депутаттарды да облыстық деңгейде де, аудандық деңгейде де тарту арқылы ақпаратты тиісті жеткізіп отыру қажет деп есептейміз.
Форумның екінші бөлімінде семинар-тренинг өткізілді. Оның қатысушылары басқару процесін жетілдіру, сындарлы шешімдер қабылдау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, сондай-ақ партия бағдарламаларын тиімді енгізу бойынша ақпарат алды.
Авторлары: Достық Талғатұлы, Нұрбол Үздікбаев