Шымкентте «Көк тудың желбірегені» байқауының жеңімпаздары анықталды
Шымкентте Республика күні қарсаңында «Көк тудың желбірегені» атты байқаудың жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлайды 24kz.
Патриоттар форумы аясындағы шараға 60 адам қатысып, әлеуметтік желіде мамыр айынан бері мемлекеттік рәміздер кеңінен насихатталды.
Жалпықалалық патриоттық байқау отаншылдық сезімді дәріптеуге бағытталды. Қатысушылар 4 ай бойы мемлекеттік рәміздер туралы жазба жариялап, қоғамдық шаралар ұйымдастырды. Бейнероликтер әзірлеп, интернетте контент ұсынды. Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек жеңімпаздарға құтты болсын айтып, байқаудың мән-маңызына тоқталды.
Сәрсен Құранбек, қала әкімінің орынбасары:
- Ертең сіздер Президентіміз айтқан сапалы адам болып, адал еңбек етіп, адал азамат болып тәрбиеленіп шығатын болсаңыздар біздің тәуелсіздігіміз де бекем болмақ, болашағымыз да жарқын болмақ.
Байқауға 60 адам қатысты. Олардың арасында оқушылар мен мұғалімдер, мәдениет саласының өкілдері мен журналистер болды.
Мәдина Қамбар, қалалық №77 А.Асқаров атындағы мектеп-лицейінің мұғалімі:
- Қазір көбінесе комикстен жасау арқылы оқушыларды сабақтың тақырыбын, мазмұнын оңай түсіндіруге тырысып жүрмін. Осы байқауда да тәуелсіздік жайлы дәл солай «Flipbox» жасадым. Онлайн цифрлық кітапша.
Патриоттар форумында көтерілген бастама бұқараның назарын ерекше аударды. Қоғамдық бірлестік өкілдерінің идеясын қала билігі қолдап, осылайша, 3 жыл бойы өтіп келеді.
Бейсенгүл Нарымбетова, байқауды ұйымдастырушы:
- Арнайы хештегтер қойдық. Сол хештегтер бойынша өтініш түспеген жағдайдың өзінде тауып алуға болады. Тағы бір өте керемет тұсы әлеуметтік желіде контенттің дұрысталуына, сапалы болуына үлесін қосты деп ойлаймын.
Осылайша, «Үздік жазба», «Үздік бейнеролик» және «Үздік іс-шара» аталымының жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды. «Алдағы уақытта байқау республикалық деңгейде өтуі мүмкін», - дейді ұйымдастырушылар.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов