Мысықша мияулап, итше үреді: квадробика құбылысы Қазақстанға жетті
Жан-жануардың кейпіне еніп, төрт аяқтап жүгіру трендке айналды.
Квадробика деп аталатын құбылыс біздің елге де жетті.
Астана мен Алматы сынды ірі қалаларда бой көрсеткен субмәдениет елді шошытып отыр. Мұны біреу балалардың қоршаған орта, жан жануарды қорғауға үн қосуы десе, біреулер мұның артында әлдеқандай жыртқыштық ниет жатқан жоқ па деп қауіптенеді.
Жануарлардың костюмдерін жартылай киіп алған жандарды қоғам квадроберлер дейді. Субмәдениет өкілдері көшеде, саябақта, басқа да қоғамдық орындарда жануарлар секілді төрт тағандап жүреді. Мысық секілді мияулайды, ит секілді үреді. Тіпті өзеннен су ішіп, итаяқтан тамақ жейтін де көрінеді. Жасөспірімдердің бұл қылығы қоғамда кеңінен талқыланып, жұрттың жағасын ұстатып отыр. Бұған ата-аналар да алаңдаулы.
Квадробика айтарлықтай жаңа құбылыс емес. 2008 жылы жапондық спринтер төрт аяғымен жүз метрді 18,5 секундта жүгіріп өтіп, рекорд орнатқан. Кейін бұл ғаламтор арқылы әлемге жайылды. Сөйтіп, кейбір адамдар жан-жануарды еске салатын акробатикалық іс-қимылдар жасай бастады. Ал мамандар бұл тек ғана құмарлық емес. Әлеуметтік мәселелерден аулақ болудың тағы бірі әдісі дейді.
Александр Рущук, психолог:
- Қазір балалар әлемде қалыптасқан әлеуметтік нормаларға қарсы шығып жатыр. Қарсылығын осы әрекет арқылы көрсетеді. Біз ата-ана ретінде балаларымыздан мұны не үшін жасап жүргенін сұрауымыз керек. Мүмкін олар жай ғана көңіл көтеру үшін квадробикамен айналысуы мүмкін. Онда тұрған ештеңе жоқ. Бұл қатарластарымен араласуына ықпал етеді, тіпті жаттығу да бола алады. Алайда өзің жануар санаса онда үлкен проблема бар.
Бұл мәселеге мәжіліс депутаттары да алаңдаулы. Дәулет Мұқаев дерт деңдеп барады деп дабыл қағып отыр.
Дәулет Мұқаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бұл Америка, Еуропа елдерінде де белең алуда. Сондай-ақ тіпті Ресей, Өзбекстанда да тіркелген жағдайлар бар. Сондықтан барыңша сақ болайық. Президент үнемі айтады ғой «тәртіп пен заң керек» деп. Заң тұрғысынан мүмкін заң шығаруымыз керек шығар квадроберлерге байланысты. Себебі бұл аурудың, дерттің алдын алмасақ ертеңгі күні өзіміз опық жейтін боламыз.
Көрші Ресей квадробингке заң жүзінде тыйым салуды қарастырып жатыр.
Ал Өзбекстан ІІМ бұл әрекетті қайталағандардың ата-аналарына айыппұл салатынын мәлімдеді. Оның көлемі 2 миллион сомды құрайды.
Әлішер Әли, Серік Селеубайұлы