Маңғыстауда астық терминалының құрылысы аяқталды

Құрық портындағы астық терминалының құрылысы аяқталды.

Президент тапсырмасымен салынған терминал жылына 1 млн тонна астықты сыртқа шығара алады.

Қазір жаңа нысанның қондырғылары сынақ режимінде жұмыс істеп тұр. Солтүстік Қазақстан облысынан теміржолмен жеткізілген бидайдың алғашқы партиясы осы айда жөнелтіледі.

Қытай және Орталық Азиядан Еуропаға шығатын жүктің 80%-і Құрық портынан өтеді. «Орта дәліз» деп аталатын бағытпен биыл 1 млн 600 млн тонна түрлі жүк тасымалданды. Су айлағында жүзеге асқан ірі жоба - астық терминалы арқылы жылына 1 млн тонна бидай тасымалдау жоспарланған. Соңғы кезде теміржол вагонымен жеткізілетін жүктерден бөлек, автокөлік үлесінің да артқаны байқалады. 

Бақыткерей Әлібеков, "Құрық порты" серіктестігі бас директорының орынбасары:

- Солтүстік пен Оңтүстік дәліздерге қарағанда, енді қазіргі геосаяси жағдайларға байланысты «Орта дәліздің» маңызы өте артып келе жатыр. Жылдан жылға мына көлік айналымы да өсіп келе жатыр бізде. Осы 2024 жылдың бүгінгі таңына келгенде қазіргі таңда 18 мың көлікті өңдеп, қабылдап жіберіп тастадық. 

Қарақия ауданында орналасқан теңіз портына Әзербайжаннан паром жиі келеді. Жағалау матростары әр кемені кезегімен қабылдап, 3-4 сағатта айлаққа орналастырады. Бұдан соң жүктерді белгіленген жерлерге түсіреді. Жалпы портта 130-дан астам қызметкер жұмыс істейді. Ұжымның 60 пайызы жергілікті тұрғындар. 

Ерлан Ыбырай, матрос:

- Мына ауа райына сәйкес, бүгін енді кішкене жеңілдеу. Азғантай арқанмен тартып жатырмыз. Ал толқын күндері бекіту үшін ішінде темірден тросы бар басқа да мықтылау арқандармен бекітеміз. 

Қуандық Құсайынов, порт диспетчері:

- Паром шетелдік болғаннан кейін, келіп тұрған вагонды Қазақстан аумағына өткізу үшін біз күрделі түрде тексереміз. Документтерін қабылдаймыз. Әр құзырлы орган өздері тарапынан өздерінің жұмыстарын атқарады.

Айта кетсек, «Орта дәліз» Транскаспий халықаралық көлік бағытының бір тармағы. Ол арқылы Қытай мен Орта Азиядан шыққан жүктер қазақстандық теңіз порттарынан өтіп Бакуге, одан әрі Грузия, Түркия, Еуропа елдеріне жеткізіледі. 2017 жылдан бері осы бағыт бойынша Құрық су айлағынан 10 млн тоннадан астам жүк өткен. Биылғы жоспар 2 млн 300 мың тонна. Бүгінде 1 млн 600 мың тоннасы ауыстырып тиелді.

Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев