БҚО-ның екі ауданында электр станциясы салынады
Батыс Қазақстан облысының шалғайдағы Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарына газопоршеньді электр станциясы салынады.
Қазір облыстың энергожүйесінен оқшау жатқан қос аудан қуат көзін көрші Ресейден алып отыр. "Кісідегінің кілті аспанда" демкші, импорттық энергияның бағасы әлдеқайда қымбат, әрі соңғы кезде іркіліс жиі болады.
Оразбек Таңатаров – Сайқын ауылының тұрғыны. Бала-шағамның несібесі деп ауласына шағын жылыжай салыпты. Осы алақандай жерде қияр-қызанақ өсіріп, ауылдастарына сатады. Алайда жарықтың жиі сөнуі кәсібіне кедергі боп отырғанын жасырмайды.
Оразбек Таңатаров, Сайқын ауылының тұрғыны:
- Былай жақсы-ау, жиі-жиі жарық өшіп қалады. Жарық сөніп қалғанда қиындау. Жел соқты дейді, сым үзілді дейді. Бір-екі сағаттап жоқ болады. Ресей жақтан айырып тастады, бірдемесі үзіліп қалды, ана жақтан ремонт жасап жатыр дейді, оны біз білмейміз ғой.
Бөкей Ордасындағы 8 округтің 5-і, Жәнібек ауданы түгелдей электр қуатын Ресейден алады. Өйткені қос аудан да өңірдің энергоэжелісінен бөлек жатыр. Жәнібек ауданы 2 жарым, Бөкей Ордасы тәулігіне 2 мегаватт электр қуатын тұтынады.
Асқар Ғайсин, Батыс Қазақстан электр тораптарын тарату компаниясының бас инженері:
- Жәнібек ауданы Волгоград облысы Кайсацк елді мекеніндегі қосалқы стансадан аламыз. Ал мына Бөкей Ордасы ауданы Астрахань облысы Басқұншақ жақтан келеді. Бағасы оларда қымбат. 38-40 теңгеден шығып отыр. Тұтынушыларға 22-23 теңгеден ғой бірақ. «Батысэнергоресурсы» жабады ол айырмашылықты.
Кісідегінің кілті аспанда, көрші елден келетін қуат құны қымбат. Әрі қысқа күнде қырық құбылған геосаяси жағдайға байланысты бүгінде қос ауданның энерготәуелсіздігін қамтамасыз ету мәселесі күн тәртібінде тұр. Былтыр мамандар есептеп көрген, аталған аудандарға 220 шақырымға 110 киловольттік жоғары кернеулі желі тартуға 7 млрд теңге керек екен. Ал қуаты 5 МВТ газопоршеньді электр стансасын салуға 3 млрд теңге жеткілікті көрінеді. Содан бері әлеуетті инвестор іздестірілуде.
Мирас Мүлкәй, облыстық энергетика және ТКШ басқармасының басшысы:
- Инвестор қазіргі таңда қызығушылық білдіріп, қазір техникалық-экономикалық негіздемесі жүргізіліп жатыр. Техникалық шарттарын, бәрін бердік. Сәйкесінше энергетика министрлігі арқылы осы аукционға қатыстырып, осы екі ауданға әкелу жұмыстарын жүргізудеміз. Қазіргі таңда Өнеге ауылына қойғымыз келеді. Себебі тасымалдауға сол жерге ыңғайлы болып тұр.
Егер 2000 жылдардың басында облыс қажетті қуаттың 95% көрші елден алса, қазір энергияның 98,5 % өңірде өндіріледі. Алдағы міндет - энерготәуелсіздікке толық қол жеткізу.
Е.Жылқайдарұлы, Е. Меңдіғалиев, Э. Аюпов