Қазақстан пластик қалдығын экспорттауды арттырды
Қазақстан пластик қалдықтарды экспорттаудан алға озып барады.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, биылғы жеті айда 11 тонна шикізат сыртқа сатылған. Бұл былтырғыдан 30% көп. Қазақстандық тауарды негізінен Ресей мен Өзбекстандағы кәсіпорындар сатып алады. Ал отандық сарапшылар қалдықтарды сыртқа шығарғаннан іште өңдеген тиімді екенін айтады. Неліктен?
Қазақстан Қаптамашылар қауымдастығының басшысы отандық пластик өңдеушілердің жүктемесі 30-50% аспайтынын айтады. Батырбек Әубәкіровтің сөзінше, шикізаттың сыртқа сатылуына елдегі өндірістің дамымауы себеп. Яғни қалдықтарды терең өңдей алмауынан болып отыр. Сонымен қатар бұл зауыттардың шалғай орналасуы орны да кедергі келтіреді.
Батырбек Әубәкіров, Қазақстан қаптамашылар қауымдастығының басшысы:
- Қалдық өңдеуші кәсіпорындар негізінен еліміздің оңтүстігінде, яғни Шымкент, Алматы қалаларында орналасқан. Ал Орал, Қостанай, Петропавл, Павлодар Ресеймен шекарада орналасқан. Оларға сыртқа сатқан тиімді. Сондықтан сала дамымай отыр. Біз алғашқы сатысын ғана толық меңгерсек, көршілеріміз терең өңдеуден өткізіп жатыр. Олар пластик бөтелкеден жіп, синтепон жасайды, киім тігеді.
Екі жыл бұрын Қазақстан пластикті сыртқа шығаруға 6 айға шектеу қойды. Сол кезде отандық өңдеушілер шикізаттан тарықпай, ішкі өндірісті дамытуға мүмкіндік туған. Бірақ, қоқыс жинаушы компаниялар нарықта қалдықтар арзандайды деп қорыққан. Дегенмен бұл болжам орындалмады дейді пластик өңдеуші компанияның өкілі.
Назарбек Өсімбеков, пластик өңдеуші компания менеджері:
- Сол кезде көптеген пластик өңдеуші компаниялар ашылды. Қоқыс жинаушылар да бағытын өзгертіп, өңдеуге ауысып жатты. Шектеу кезінде баға бір тиынға да түскен жоқ. Керісінше көтеріліп отырды. Бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан өңдеуші компаниялар өндірісін кеңейтуді жоспарлай бастады.
Қалдықтарды терең өңдейтін отандық компаниялардың көп болуына мемлекеттік органдар да, бизнес өкілдері де мүдделі. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің дерегінше, биыл осы саланы дамытуға 200 млрд теңге бөлінген. Сонымен қатар өңдеушілерді қаржылай ынталандыру үшін «Эко қолдау» бағдарламасы қайта жаңғырды.
Жүзім Жанатқызы, ҚР ЭТРМ Қалдықтарды басқару департаментінің бас сарапшысы:
- Қалдықтарды басқару саласындағы өңдеумен, сұрыптаумен, алдықтарды тасымалдаумен айналысатын кәсіпорындарға субсидия бар. ол жерде 200 млрд ақша бөлініп отыр. Жасыл дамудан, утиль алымдардан. Ол үш пайыздың ставкамен 15 жылға беріледі. Биылғы жылы «Эко қолдау» бағдарламасын қайта іске қосты.
Алайда саланың қарыштап дамуы үшін кешенді шаралар қабылдануы керек дейді мамандар. Оған салықтық жеңілдіктер, пайызы төмен несиелер, арнайы экономикалық аймақтарда жұмыс істеуге рұқсат беру кіреді. Себебі қалдықтарды терең өңдеу арқылы экологиялық мәселелер шешімін табады. Бүгінде Қазақстан тұрмыстық қалдықтардың 20-23 пайызын ғана кәдеге жаратып отыр. Ал бізге алдағы бес жылда бұл көрсеткішті 40%-ға жеткізу керек.
Серік Селеубайұлы, Ақылбек Есімсейітов