Алаяқтар 30 мың адамның банк картасын қылмыстық схемаға тартқан
Алаяқтар тұрғындардың жеке банк карталарын пайдаланып, оларды қылмыстық схемаларға тартқан.
Қаржы мониторингі Агенттігінің мәліметінше, 30 мың адамның есепшоты есірткі саудасына қатысты операцияға қолданылған. Құйтырқы әрекеттердің құрбаны болғандардың көбі жұмыссыздар, студенттер мен әлеуметтік осал топ өкілдері. Мамандар мұндай заңсыз схемаларға қатысу салдары әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке апаратынын ескертіп, тұрғындардан сақ болуды сұрап отыр.
Әлібек Әбділов, ҚР ҚМА ресми өкілі:
- Астана мен Қарағанды қаласының студенттері және теміртаулық 64 жастағы зейнеткер «дроп» ретінде Telegram-дүкенінде есірткі сатудан алынған ақшаны жылыстату схемасына қатысқан. Олардың шоттары арқылы 100 млн теңгеден астам қаржы өткен. Бұл наркошоптың жалпы айналымы 2 млрд теңгеден асқан. Тағы бір жағдайда Алматыда 20 жастағы студенттің картасы пайдаланылып, оның шотына 900-ден астам адамнан 22,5 млн теңге түскен.