Саран қаласында 10 шақты үйде жылу мардымсыз
Қарағанды облысының Саран қаласындағы он шақты үйде жылу мардымсыз, деп хабарлайды 24KZ. Тұрғындардың айтуынша, бөлмелердегі ауа температурасы – 10-15 градус. Батареялар салқын болғандықтан, жылу жүйесіндегі ауаны жиі шығаруға тура келеді. Қанжылым болғанымен, қайтадан суып кете береді.
«Сондықтан бар мәселе үй ішіндегі жылу жүйесінен емес, қазандықтан туындап отыр. Ленин, Жамбыл, Победа, Чкалов және Қожанов көшесіндегі 23 үйге жылу беруге арналған қазандықтағы судың температурасы 41 градустан аспайды», – дейді жергілікті тұрғындар.
Елена Фаизова, Саран қаласының тұрғыны:
- Ол қазандық қаладан қашықтау орналасқан. Жылу біздің үйге жеткенше су салқындап қалып жатыр. Бүгін үйіміздегі ауа температурасы +10 градусқа дейін әзер көтерілді. Үйлеріміз суық. Бұдан ары қарай не болатынын білмей, дал болып отырған жайымыз бар.
Естеріңізге сала кетейік, жергілікті атқарушы билік қаладағы үйлерді жаңадан салынған орталықтандырылған жылу жүйесіне қосу үшін ескі қазандықтардан ажыратқан болатын. Қазан айының басында «автоматтандырылған жабдық істен шығып қалды» деген ақпарат тарады. Сол себепті үйлерді қайтадан ескі қазандықтарға қосуға тура келді. Әзірге ондағы отын қоры мен жұмысшы күші жеткілікті. Жаңа қазандық толық іске қосылғанша қаладағы үйлер ескі жүйе арқылы жылытылады. Тұрғындардың қазан айындағы жылуға арналған төлемдері қайта есептеледі.
Ермағанбет Бөлекпаев, Қарағанды облысының әкімі:
- Мен қала тұрғындарының барлық наразылықтарын түсінемін. Сондықтан жағдай толығымен қайта қалпына келгеннен кейін біз міндетті түрде талдау жасаймыз және әрбір жауапты тұлғаға баға берілетін болады.