Павлодарда кітапханашылардың облыстық форумы өтті

Кәсіби мереке қарсаңында саланың үздік қызметшілеріне құрмет көрсетілді, деп хабарлайды 24KZ. 30 және одан да ұзақ жыл еңбек етіп жатқан кәсіби мамандардың портреті «Мен кітапханашымын» көрмесіне қойылған. Бүгінгі таңда кітапхана көп қырлы білімнің қайнар көзі ғана емес, бос уақытты тиімді өткізетін заманауи орталыққа айналған.

Павлодар облысында кітапханалар желісі кең ауқымды жаңғыртудан өтті. Ауылдық жерлерде әдеттегі кітап сөрелері мен оқырман залынан бөлек коворкинг орталықтар ашылған. Онда жастардың зейінін ашып, кітап оқуға баулитын түрлі үйірмелер жұмыс істейді.

Аққулы ауданынан келген Айзада Жұмаділованың айтуынша, кітапхана тек тыныштық сақтайтын орын деген бұрынғы стереотип жойылған. Қазір бұл орталықтар жаңа форматта жұмыс істейді.

Айзада Жұмаділова, кітапханашы:

- Жалпы кітапханаға деген қазіргі таңдағы адамдардың ойы өзгерді. Әсіресе, мысалға, біздің аудандағы балаларымыз біздің кітапханаға жаздың уақытында келуге кәдімгідей құлшынып тұрады. Қазір бізде көптеген коворкинг орталықтары бар. Сол жерде біздер әртүрлі темактикалық іс-шараларды өткізу арқылы жаңағы балаларды, жастарды өзімізге тарту үстіндеміз.