Алматы облысының жүздеген тұрғыны балкондарына ту ілді
Республика күні мерекесіне орай Алматы облысында «Менің елім – менің Туым» патриоттық акциясы өтіп жатыр, деп хабарлайды 24KZ. Ұйымдастырушылардың айтуынша, көпқабатты үйлердің балкондары мен қоғамдық орындарға 500-ге жуық Мемлекеттік ту ілінді. Саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған педагогтер бұл мерекенің жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беруде маңызы зор екенін айтады.
Алматы облысы бойынша жүздеген тұрғын балконына ту іліп, бастаманы қызу қолдады. «Менің елім – менің Туым» патриоттық іс-шарасына қатысушылар саны жылдан-жылға артып келеді. Тұрғындардың белсенділігі ұлттық бірлікті нығайтуға және мемлекеттік рәміздерді дәріптеп, жас ұрпақтың бойындағы патриоттық рухты арттыруға оң ықпал етеді.
Мират Әшімбаев, «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» ЖҚ мүшесі:
- Облыс бойынша 500-ге жуық ту ілінді. Бұл акция – біздің елге деген сүйіспеншілігімізді көрсетудің тамаша мүмкіндігі. Барлық азаматтарды осы бастаманы қолдауға шақырамын.
«Сатылай кешенді оқыту» технологиясының авторы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Нұрша Оразахынова жастардың патриоттық бастамасына үнемі қолдау білдіріп отырады. «Біз ұрпағымызға өзінің ана тілінде білім беріп, ұлттық құндылықтарды қастер тұтатын, Отанына адал қызмет ететін ұрпақты тәрбиелеуге міндеттіміз», – дейді ғалым.
Нұрша Оразахынова, педагогика ғылымдарының докторы, профессор:
- «Отан отбасынан басталады» дейді. Бұл отбасы кішкене ғана мемлекет болса, осы отбасында баланың тәрбиесіне, білім алуына ата-ана ерекше көңіл бөлуі керек. Сонда ғана біз елімізде осы мерекенің құндылығын арттыра түсеміз. Яғни, айтқанда бұл мереке өзіміздің Отанымызды ерекше қадірлеуге, бағалауға, жалпы дүниежүзіне танытуға ерекше мереке болып табылады.
Алматы облысында алдағы екі жылда 53 «Жайлы мектеп» салынады. Соның 21-і жыл аяғына дейін пайдалануға беріледі. Бұл өз кезегінде өңірдегі үш ауысымда бала оқытатын 39 орта білім беру мекемесінің жүктемесін жеңілдетеді.
Өңірге 4 трлн теңгеден астам инвестиция тартылады
Облысқа алдағы үш жылда 4,1 трлн теңге инвестиция тарту жоспарланған. Оның тең жартысына жуығы тікелей шетел инвестициясы болады деген болжам бар. Өңірде қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру үшін ауданы 1369 гектар жерді алып жатқан 4 индустриялық аймақ құрылды. Өндірістік инфрақұрылымды дамыту және негізгі капиталға инвестициялар тарту мақсатында «Alatau» арнайы экономикалық аймағының аумағы 30 мың гектардан 96 мың гектарға дейін ұлғайды.
Жәнібек Сауырбек, «Алатау» арнайы экономикалық аймағының бас директоры:
- Президент Жарлығымен құрылған Алатау қаласы болашақта облыс орталығы Қонаев пен алып шаһар Алматының арасындағы экономикалық драйверге айналады. 96 мың гектар жерді алып жатқан арнайы экономикалық аймаққа Гонконг, Сингапурды немесе батыстың өлшемімен алсақ, Берлин қаласын сыйғызып жіберуге болады. 2037-2039 жылдары Алатау қаласындағы халық саны 2 миллион адамға жетеді. Онда 100 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады.
Алматы облысында 2030 жылға дейін жалпы құны 1,7 трлн теңге болатын 127 ірі жоба жүзеге асырылады. Оның ең негізгілері агроөндірістік кешен, өңдеу өнеркәсібі мен ЖЭК, логистика, туризм, сауда, шағын және орта бизнес салаларын қамтиды. Өңірде биыл құны 473 млрд теңгенің 55 жобасы жүзеге асады. Сол арқылы 5 мың жаңа жұмыс орны құрылады.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсембаев, Аманжол Жөңкешов.