«Ұлттық мүдде» диалог алаңының кезекті отырысы өтті

Парламент сенатының «Ұлттық мүдде» диалог алаңы, кезекті мәрте зиялы қауым мен, елтұтқа азаматтардың басын қосты, деп хабарлайды 24KZ. Республика күні қарсаңында тәуелсіздік пен отаншылдық тақырыбы аясында келелі ойлар ортаға салынды. Сенаторлар сарапшылармен бірге жалпыұлттық құндылықтарды қалыптастырып, оны дәріптеу жайында пікір алмасты.

Отаншылдық – ұлттық бірегейлікті сақтаудың басты шарты. Ұғымы да ауқымды. Оны дәріптеу – маңызды міндет. Сенат төрағасы алғысөзінде осыған тоқталып,  идеологиялық бағыттағы жұмысқа басымдық берілетінін атап өтті. Жиында қазіргідей жаңа сын-қатерлер кезеңінде дәстүрлер сабақтастығын сақтап, жас буынды патриоттық рухта тәрбиелеудің басым бағыттары талқыланды.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Мемлекет басшысы атап өткендей, әр азамат Отанға деген сүйіспеншілігін сөзбен ғана емес, нақты іспен көрсетуі қажет. Бұл ретте өзгеге қол ұшын созу, белсенді азаматтық ұстаным, өз ортаңды жақсартуға ұмтылу сияқты игі істердің бәрі Отаншылдықтың көрінісі екені белгілі. Патриотизмнің тағы бір шарты – тарихқа құрмет және болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілікті сезіну.

Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев тың бастамаларды, мәдениет пен өнерді дамытуға арналған істерге қолдау көрсету маңызды екенін жеткізді. Бүгін айтылған әрбір ұсыныс Палатаның жұмысында назарға алынады. «Ұлттық мүдде» сұхбат алаңы бірнеше жылдан бері табысты жұмыс атқарып келеді. Бұның мәні – билік пен қоғам, қоғам мен заң шығарушы құрылым арасында алтын көпір орнату.

Дихан Қамзабекұлы, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры:

- Қоғам деген – үлкен күш. Қоғамның ішінде біз айтқан заң шығарушы, атқарушы билік те қоғамның ішінде. Бірақ қоғам деген қайнауы өз ішінде болғаннан кейін оны да дұрыс жолға салу, дұрыс ой айту, баым бағыттарды белгілеу, ел тыңдайтын, ел ағасы деңгейіндегі зиялыларды тарта отырып, ортақ сұхбат алаңына келу – маңызды нәрсе. Менің түсінігімде ел мүддесі диалог алаңының негізгі бағыты – осы.

Асхат Кучинчереков, кинорежиссёр:

- Осы шараға бірінші рет қатысып жатырмын. Негізі «Бауырына салу» деген ұлттық фильм түсіргенмін. Сол фильм қазіргі таңда Оскарға номинация жүріп жатыр. Негізі ұлттың мүддесін қорғайтын, әлемге танытатын дәстүрімізді көрсеткім келді, көрсетіп жатырмын, Аллаға шүкір. Қазір біз тәуелсіз елде өзіміздің дәстүрімізді көрсетуіміз керек. Менталитетімізді, байлығымызды көрсетуіміз керек.

Шара аясында АҚШ мұрағаттарынан табылған құнды жәдігерлер көпшіліктің назарына ұсынылды. «Қазақтар» атты көрме ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы ұлттық болмысымызды дәріптейді. Фотосуреттер шетелдік фотографтардың топтамаларында сақталып, бүгінгі күнге жетіп отыр.

Авторлары: Рухани Асқар, Марат Диханбаев.