Жамбыл облысында 332 лауазым иесіне айыппұл салынды

Жамбыл облысында автомобиль жолдарын күтіп ұстау жұмысына салғырт қараған 332 лауазым иесіне 7 миллион теңгеден аса айыппұл салынды, деп хабарлайды 24KZ. Бұл – жыл басынан бері жүргізілген ауқымды жұмыстың нәтижесі. Жол-техникалық инспекциясы 2700-ге жуық тексеріс жүргізген.

Сөйтіп, автожолдардан 12 мыңнан аса ақау анықталды. Мәселен, жауаптылар республикалық маңызы бар жолдардағы шұңқырларға, жол белгілеріне мән бермеген. Ал қала көшелерінде бағдаршамдар істен шығып, біраз жерде жолақтар көрінбей қалған.

Жалпы облыста 1300-ден аса жол белгісін ауыстыру керек. Оған қоса 11 мың шаршы метр болатын шұңқырларды жөндеу қажет. Коммисия кемшіліктерді жою үшін жол ұйымдары мен жергілікті атқарушы органдарға нұсқама жолдады.

Николай Сон, облыстық ПД әкімшілік полиция басқармасы басшысының  орынбасары:

- Жол-техникалық инспекциясының қызметкерлері берген нұсқамаларды орындамағаны үшін Тараз қаласы әкімдігінің, Тұрар Рысқұлов және Меркі аудандарының ТҮКШ және автомобиль жолдары бөлімдерінің басшылары әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қоса 69 лауазымды тұлға жұмысына селқос қарағаны үшін 7 миллион теңге көлеміне айыппұл арқалады.