Ұлытау облысында нашақорлыққа қарсы күрес бойынша форум ұйымдастырылды
Жезқазғанда өткен форумға 700-ден астам оқушы мен студенттер жиналды. Ауқымды іс-шарада нашақорлықпен күрестің амал-тәсілдері сөз болып, қоғамдық дерттің әлеуметтік салдары жайлы айтылды. Форумда спортшылар, еріктілер, жастар арасында танымал актерлер, заңгерлер мен қоғам қайраткерлері белсенділік танытты.
Есірткіге қарсы тақырыпқа арналған форумды облыстық Полиция департаменті ұйымдастырды. Шараның басты мақсаты – жастарға ой салу. Жастарды жаңсақ басудан абай болуға шақыра отырып, арты орны толмас өкінішке ұрындыратын әрекеттерден сақтау өте маңызды. Бұл ретте қоғаммен ашық және сындарлы диалогтың маңызы ерекше, – деп санайды Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков.
Дастан Рыспеков, Ұлытау облысының әкімі:
- Осындай маңызды шараларды ұйымдастыру, нашақорлыққа қарсы алдын алу жұмыстарын атқару, жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу – барлық мүдделі органның міндеті.
Жыл басынан бері өңірде есірткіге байланысты 56 құқықбұзушылық анықталды. Олардың бір бөлігін жастар жасаған. Сондай-ақ полицейлер 500 келіден астам есірткі заттарын тәркілеген.
Форумға қатысушыларға есірткіні таратудың ықтимал жолдары туралы да айтылды. Көбінесе әлеуметтік желілер есірткі сатушылардың қолындағы құралына айналып отыр.
Ерлан Оспанов, Ұлытау облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы:
- Форумның мақсаты – нашақорлықтың салдарын, себебін, қылмыстық жауапкершілігін түсіндіріп айтып өту. Көбінесе есірткі сату жарнамалары жұмысқа шақырады, оңай ақша табуға тартады. Біз соның құқықтық жауапкершілігін түсіндіріп жатырмыз.
Киберқадағалау жүйесі арқылы департамент қызметкерлері 103 есірткі сайтын анықтап, бұғаттады. Өңірде еріктілермен бірлесіп, есірткі жарнамасы бар граффитті жою бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Олардың басты мақсаты – жастарды түрлі акцияларға, концерттер мен байқауларға белсенді қатыстыра отырып, есірткіден бас тартуға шақыру.
Авторлары: Серік-Ибраһим Жамалұлы, Елизавета Шалина, Нұрбол Уздікбаев.