Атырау облысының мұнайшылары 29 отбасына баспана сыйлады

Атырау облысында соңғы 5 жылда жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың қолдауымен 3 мектеп, 2 спорт кешені мен мәдениет үйі салынды. Медициналық пункт пен балабақша да қолданысқа берілді. Осы ретте «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамының қолдауы зор. Сонымен қатар мұнайшылар ел бойынша 29 мұқтаж отбасына жаңа үйдің кілтін табыстады.

Бұл – Қызылқоға ауданындағы Мұқыр ауылының тұрғыны, жалғызілікті ана Айнагүл Үтбаеваның жаңа баспанасы. «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының ұжымы осыдан бір ай бұрын табыстаған. Үш баланың анасы арманындағы үйге қол жеткізгеніне қуанышты.

Айнагүл Үтбаева, Мұқыр ауылының тұрғыны:

- Тұрақты үй жоқ, солай жалдап жүрдім. Осыдан бір ай бұрын осындай аяқастынан тосынсый болды. «Қайнармұнайгаз», «Ембімұнайгаз» қызметкерлерінің, басшыларының арқасында осындай бақытқа кенеліп отырмыз. Жаңа баспаналы болдық. Алғысымыз шексіз.

«Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы Мұқыр ауылдық округінің аумағында орналасқан. Мұнайшылар осындағы елді мекен тұрғындарының әл-ауқатын арттыру мақсатында бірнеше жобаны жүзеге асырды.

Қуаныш Айтуғанов, «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының өндірістік-техникалық бөлім бастығы:

- Жамансор стансысында мектептің жанынан балалардың спортпен шұғылданатын ашық алаңын салып бердік өз күшімізбен. Мұқыр селолық округіне қайырымдылық қоры арқылы жылына бір әлсіз топ деп саналатын отбасыға баспана сыйлаймыз. Бұл басқармамыздың барлық жұмысшы-қызметкерлерінен ерікті түрде жиналатын қаржыдан шығады. Мектептердің балаларына «Мектепке жол» акциясына қатысып, мектеп құралдарын алып беруге көмектесеміз.

Дулат Нығыметов, Қызылқоға аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы:

- Аудан бойынша әлеуметтік нысандар көптеп салынып жатыр. Соңғы 5 жылда аудан бойынша 3 денсаулық сақтау ұйымы, білім саласы бойынша 5 нысан және де соңғы жылдары спорт нысандары бойынша қазір 7 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. «Ембімұнайгаз» АҚ аудан бойынша әлеуметтік нысандарды салуда өз үлестері бар деп есептейміз.

«Ембімұнайгаз» компаниясы Қызылқоға ауданының 80 жылдығына орай жуырда автобус сыйға тартты. «Мұндай қолдаулар әлі де жалғасын табады», – дейді компания басшылығы.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Матенов.