Астанада отандық өнімдер жәрмеңкесі басталды
Астанада «Бір ауыл – бір өнім» жәрмеңкесі өтіп жатыр, деп хабарлайды 24KZ. Шараға ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілерден бөлек, ұлттық қолөнер бұйымдарын жасайтын шеберлер қатысып отыр.
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Жапонияның JIKA Халықаралық агенттігі ұйымдастырған жобаның мақсаты – тауар өндірушілерді жан-жақты қолдау. Жәрмеңке қорытындысы бойынша үздік кәсіпкерлер анықталып, олардың жобаларына қолдау көрсетіледі. Атап өтерлігі, шара елімізде екінші жыл қатарынан жүзеге асырылып отыр. Осы жобаның арқасында 60-қа жуық кәсіпкердің тасы өрге домалаған. Өндіріс көлемін бірнеше есе арттырып, сыртқы нарыққа шыққандары да бар. Жәрмеңке үш күн қатарынан өткізіледі.
Тимур Нақыпбеков, «Атамекен» ҰКП төрағасының орынбасары:
- Жеңімпаздарға өзінің тауарын өңдеуге, сапасын арттыруға, ішкі және сыртқы нарыққа сатуға көмек беріледі. Сондай-ақ Жапонияның JIKA Халықаралық агенттігі тарапынан ұтымды деген позицияларға жоғары деңгейлі стандарттарды енгізу көмегі де көрсетіледі.
Ерлан Әбдірахманов, кәсіпкер:
- Мынау – жерасты суы. Жер астынан 50 метрден өндіреміз. Адам ағзасына пайдалы минералдар бар. Айына 50-60 мың бөтелке шығарамыз. Біз – Мыңғыстау облысы бойынша «Бір ауыл – бір өнім» жобасының жеңімпаздарымыз.