Мемлекетке қайтарылған қаражат есебінен жаңа әлеуметтік нысандар салынады
Президенттің тапсырмасы бойынша мемлекетке қайтарылған қаражат есебінен Түркістан және Ақмола облыстарында әлеуметтік нысандар салынады, деп хабарлайды 24KZ. Басты мақсат – елді мекендерде инфрақұрылымды дамытып, ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсарту. Алғашқы екі әлеуметтік жобаны жүзеге асыруға Үкімет Арнаулы мемлекеттік қордан қаражат бөлу туралы шешім қабылдады.
Мемлекет сыртқа кеткен қаржыны қайтарып, оны ел игілігіне бағыттауды жалғастырып отыр. Осының арқасында Ақмола облысының Зеренді ауылында ауданы 6 мың шаршы метрден асатын спорт кешенін салу жоспарланып отыр. Нысан бір ауысымда 80 адамды қабылдайды. Онда аудан тұрғындарының барлық спорт түрімен айналысуына жағдай жасалынады.
Ал бұл – Түркістан облысының Темірлан ауылындағы өнер мектебі. 1974 жылы қабырғасы қаланған ғимарат санитарлық және өрт қауіпсіздігі талаптарына сай емес, күрделі жөндеуге жарамайды. Енді оның орнына 300 орындық жаңа өнер мектебін салу жоспарланып отыр.
Сәуле Әбішева, өнер мектебінің мұғалімі:
- Бұл жердің соғылғанына 50 жыл болды. Қаншама түлек ұшып жатыр бұл жерден. Енді мынау жаңа ғимарат салады деп қуантып жатырсыздар. Ауылға көңіл бөліп жатқанына өте қуаныштымыз. Бізге заманауи үлгіде болса, типтік болса, қазіргі жаңаша базада, аспаптарымыз жаңартылса екен.
Жаңа өнер мектебін салуға 890 млн теңге қаржы бөлінеді. Балалар жайлы ортада музыкамен, хореографиямен айналысуға мүмкіндік алады.
Нұриддин Шәмшіұлы, «Ордабасы оттары» аудандық газетінің редакторы:
- Қазір енді талап басқа, уақыт басқа. Сондықтан Темірланға жаңадан ғимарат салу жоспарланып жатыр. Осындай ауыл мектебіне көңіл бөліп, өнердің дамуына ұйытқы болып отырған ұжымға ғимарат салу үшін рақмет айтуымыз керек. Ал ауданның 60 жылдығына үлкен тарту болады деп ойлаймын.
Мемлекетке қайтарылған қаражат Арнаулы қорда сақталады. Қазір онда 177 млрд теңге жинақталған. Бұл қаражаттың барлығы әлеуметтік және инфрақұрылымдық объектілерді салуға, басқа да әлеуметтік маңызды жобаларды іске асыруға бағытталады.