Биыл 14400-ге жуық қандас елге оралды
Биыл 14400-ге жуық этникалық қазақ тарихи Отанына оралды, деп хабарлайды 24kz.
Ұлы көш басталған 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 142 мыңнан астам қандас келді. Қоныс аударған жұрт елдің әр өңіріне тұрақтады. Мысалы, Қытайдың Іле қазақ автономиялық облысынан 2007 жылы қоныс аударған Қабиден Қуанышбай алғашқыда Түркістан облысының Кентау қаласына табан тіреген. Қазір Астанада тұрады Жалпы шекараның ар жағында қалған жұрт атамекенге деген сағыныш үнемі елге қарай тартып тұрады дейді. Сол себепті атажұрт құшағын ашқанда алып-ұшып келіп жатқан ағайынның қарасы әлі де үзілер емес.
Қабиден Қуанышбай, Астана қаласының тұрғыны:
- Төлеген Айбергенов айтқандай, сағынбай, ешнәрсе мәңгілік болмайды. Сондықтан бала кездегі Отанға, елге деген сағыныш бізді жетелеп, осы жердің, тіпті осы елдің астанасына алып келген. Ол үлкен сағыныш, ол ұлттық сағыныш, ол рухани сағыныш. Ол жақта ешкімнен тепкі көргеніміз жоқ. Бірақ қазақ деген елдің Отаны, шаңырағы, керегесі осы жерге тігіліп, шаңырағы көтерілгендіктен, осы елге деген балалық сағыныш сол кезде біздің жүрегімізде қаулаған еді.